Көлігіне салып алып кетіп, ұрып-соққан: Екібастұзда студенттерден ақша бопсалағандар ұсталды

Автор: Асыл Арман

Павлодар облысында бопсалау бойынша бірқатар қылмыс анықталды

Фото: Видеодан скрин

Павлодар қаласында екі оқушы қатарластарынан ақша бопсалады деген күдікке ілінді. Олар құрдастарынан бағалы заттарын ломбардқа өткізіп, түскен ақшаны беруді талап еткен. Кейбір жағдайларда қысым көрсету үшін әшкерелейтін бейнематериалдар пайдаланылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Екібастұз қаласында колледждің кәмелетке толмаған студенті танысымен бірге 50 мың теңге бопсалады деген күдікпен ұсталды. Күдіктілер жәбірленушіні автокөлікпен алып кетіп, оны ұрып-соққан.

«Аталған екі дерек бойынша қылмыстық істер қозғалды. Құқық қорғау органдары өзге де ықтимал қатысушыларды анықтау жұмыстарын жалғастыруда, сондай-ақ қосымша эпизодтардың бар-жоғы тексерілуде. Күдіктілер ақша беру кезінде ұсталды», – деді Павлодар облысы ПД ҰҚҚКБ бастығы Ғабит Қабдрахманов.

Құқық қорғау органдары жастар арасында қылмыстық топтар құру, қылмыстық ықпал орнату және ақша бопсалау әрекеттері қолданыстағы заңнама аясында қатаң түрде жолы кесілетінін атап өтті.