Астанада мейрамханадан мас күйде шыққан ер адам көлігін ішімдік ішкен танысына берген (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Олар таңғы сағат 5 шамасында ұсталды

Фото: Видеодан скрин

Астанада 27 жастағы ер адам өзінің «KIA Rio» маркалы автокөлігін мас күйде болған адамға бергені анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тексеру нәтижесінде көлік иесінің Қазақстан Республикасы Жол жүрісі қағидаларының 2.12.6-тармағының талаптарын бұзғаны анықталды. Яғни, ол көлік құралын алкогольдік масаң күйдегі адамға сеніп тапсырып, өзгелерге елеулі қауіп төндірген.

Көп жағдайда ауыр жол-көлік оқиғалары дәл осындай жауапсыз шешімдерден басталады. Мас жүргізуші рөлге отырған сәттен бастап тек өзінің ғана емес, жолаушылардың, жаяу жүргіншілердің және басқа жүргізушілердің өміріне қауіп төндіреді. Сондықтан заң алдында көлікті мас адамға беру де аса ауыр құқық бұзушылықтардың бірі болып саналады.

«Аталған факті бойынша көлік иесіне қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік іс қозғалып, материал сотқа жолданды. Ал, мас күйде көлік басқарған азаматқа Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 6-бөлігімен хаттама толтырылды», – делінген ПД хабарламасында.

Елорда полициясы азаматтарға алкогольдік ішімдік ішкеннен кейін көлік басқармауды ғана емес, сондай-ақ көлік құралын мас күйдегі адамдарға ешбір жағдайда сеніп тапсырмауды қатаң ескертеді.