«Көшеге шығу мұңға айналды»: Атырау тұрғындары маса мен шіркейден әбден мезі болды

Автор: Асыл Арман

Атырау тұрғындары маса мен шіркейдің көбеюінен қиындық көріп отыр

Фото: ЖИ арқылы жасалды/Google Gemini

Атырау қаласының тұрғындары маса мен шіркейдің шамадан тыс көбейгенінен қиындық көріп отыр. Тұрғындардың айтуынша, жәндіктер сыртта жүруді қиындатып, шағып алған жерде қатты қышыну, қызару және ісіну қалдырады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Кешке қарай көшеге шығу мұңға айналды. Маса мен шіркей адамдарды талап тастайды. Шаққаннан кейін теріміз бірнеше күн бойы қышиды», – дейді қала тұрғындары.

Мәліметтерге сүйенсек, Әсіресе су айдындары мен каналдарға жақын орналасқан шағын аудандардан шағым көп түсіп жатыр.

Оқиғаға байланысты әкімдік ресми хабарлама жариялап, масаға қарсы дезинсекциялық жұмыстар қарқынды түрде жүріп жатқанын мәлім етті.

«Жұмыстардың тиімділігін арттыру мақсатында қала аумағы оң және сол жағалау болып екі секторға бөлінген. Зиянкестерге қарсы өңдеу барысында «Местрал» препараты қолданылып жатыр. Дезинсекциялық жұмыс күн сайын кешкі сағат 21:00-ден таңғы 06:00-ге дейін жүргізіледі. Сонымен қатар күндізгі уақытта су айдындары мен маса шоғырланатын орындар арнайы түтін шашқыш қондырғы мен дрондардың көмегімен улау жұмыстары жүргізіліп жатыр», – делінген әкімдік хабарламасында.