«Кітап оқитын ұлт» жобасы: Ұлытау әкімі әйгілі «Кербұғы» шығармасын оқуды ұсынды

Автор: Асыл Арман

ШҚО әкімі Ұлытау облысына эстафета жолдады

Фото: «Кітап оқитын ұлт» жобасының ұйымдастырушылары

Ұлттық сананы жаңғыртуды көздеген «Кітап оқитын ұлт» ауқымды жобасы – бұқараның рухани мәдениетін көтеріп, кітапты серік еткен зиялы қоғам құрудың негізгі қозғаушы күшіне айналып отыр. Жоба аясында өңірлер арасында қарқын алған әдеби эстафета ресми түрде Ұлытау облысына жетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Осыған дейін эстафета тізгінін ұстаған Қарағанды облысының әкімі Ермағамбет Бөлекпаев кезекті Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановқа жолдаған болатын. Шығыс Қазақстан облысының басшысы әдеби аманатты жауапкершілікпен қабылдап, оқырман қауымға «Алтайдың Кербұғысы» атанған көрнекті жазушы Оралхан Бөкейдің әйгілі «Кербұғы» шығармасын оқуды ұсынды.

«Шығыс Қазақстан облысының жұртшылығы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Кітап оқитын ұлт» идеясын толық қолдайды. Өйткені кітап оқыған адам тек білім алып қана қоймай, өз таным көкжиегін кеңейтіп, ой-өрісін байытады», – деп атап өтті өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов.

Өз кезегінде Шығыс Қазақстан облысының әкімі әдеби эстафета жолын әрі қарай жалғастыру үшін жоба тізгінін Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспековке табыстады.

Өткен кезеңде Қарағанды облысының әкімі Ермағамбет Бөлекпаев оқырмандарға Клаус Швабтың «Төртінші индустриялық революция» кітабын оқуды ұсынған еді. Аталған туынды бойынша «Хабар» телеарнасының таңғы эфирінде арнайы викторина ұйымдастырылды. Дегенмен, сайыс барысында жүргізуші қойған сұрақтарға тікелей эфирге хабарласқан көрермендер тарапынан дұрыс жауап табылған жоқ. «Кітап оқитын ұлт» жобасының кезекті кезеңі де оқырман қауымды бағалы сыйлықтармен қуанта береді.

Айта кетерлігі, келесі жұма күні сағат 07:00 мен 09:00 аралығында «Хабар» телеарнасының таңғы тікелей эфирінде Оралхан Бөкейдің «Кербұғы» шығармасы бойынша интеллектуалдық сайыс өтеді. Бас жүлде – соңғы үлгідегі iPhone смартфоны.