Күдікті қазір күдікті арнайы мамандандырылған мекемеге орналастырылды
Алматыда 12 жастағы бала пышақ жарақатынан қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қайғылы оқиға туралы марқұмның әпкесі Threads әлеуметтік желісінде жазды.
«12 жастағы жиенімді өлтіріп кетті. 13 жастағы екі жасөспірім оған 9 рет пышақ сұққан», – деп жазды ол.
Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі агенттікке берген түсініктемесінде 10 маусым күні Түрксіб ауданында 12 жастағы жасөспірімнің пышақ жарақатынан көз жұмғанын растады.
«Аталған қылмысты жасады деген күдікпен Алматы қаласының 13 жастағы тұрғыны ұсталды. Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті мен жәбірленуші бір-бірін бұрыннан таныған. Тергеудің бастапқы деректеріне сәйкес, қайғылы оқиға кәмелетке толмағандар арасында туындаған жанжал барысында болған», – дейді Полиция департаменті.
Белгілі болғандай, қазіргі уақытта күдікті арнайы мамандандырылған мекемеге орналастырылды.
«Аталған дерек бойынша адам өлтіру фактісімен қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған кешенді тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, тергеу нәтижелері бойынша баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін күдіктінің ата-анасының жауапкершілігі мәселесі заңнама талаптарына сәйкес қаралатын болады», – делінген агенттікке берген түсініктемесінде.