«Мәслихат депутаттарына арналған виртуалды цифрлық кеңесшіні іске қосу» тақырыбында workshop өтті
Павлодар қаласында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының III республикалық форумында берген тапсырмаларын іске асыруға арналған іс-шара өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кездесуге мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылар қауымдастығының мүшелері қатысты.
Іс-шараны ашқан Павлодар облыстық мәслихатының төрағасы Илья Теренченко депутаттық корпустың жұмыс тиімділігін арттыруға және халықпен өзара іс-қимылды дамытуға ықпал ететін заманауи құралдарды енгізудің маңыздылығына тоқталды.
Бағдарламаның негізгі оқиғасы «Мәслихат депутаттарына арналған виртуалды цифрлық кеңесшіні іске қосу» тақырыбындағы workshop болды. Жаңа зияткерлік көмекші азаматтардың өтініштерімен жедел жұмыс істеуге, қажетті ақпаратты іздеуге және шешім қабылдау барысында депутаттарға қолдау көрсетуге арналған.
Жобаның жүзеге асырылуы туралы Павлодар қалалық мәслихатының төрағасы Қобланбек Қожин мен жүйенің әзірлеушісі Светлана Олейник баяндады. Сонымен қатар, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Павлодар облысы бойынша филиалы директорының міндетін атқарушы Әсел Ағыбаева мемлекеттік басқару саласында цифрлық технологияларды қолдану мүмкіндіктері жөнінде сөз сөйледі.
Іс-шараның жеке блогы Павлодар облыстық мәслихаты мен облыстық Ардагерлер кеңесінің өзара іс-қимыл мәселелеріне арналды. Қатысушылар алдағы ынтымақтастықтың перспективалары мен қоғамдық маңызы бар бірлескен бастамаларды іске асыру мәселелерін талқылады.
Баяндамалармен облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенже Кеңесбаев және «Павлодар өңірлік басқару мектебі» қоғамдық қоры директорының орынбасары Гүлнәр Исенова өз пікірлерін білдірді.
Іс-шараның қорытындысында Павлодар облыстық мәслихаты мен облыстық Ардагерлер кеңесі арасында өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Құжат серіктестікті нығайтуға, қоғамдық диалогты дамытуға және өңір тұрғындарын толғандыратын өзекті мәселелерді шешу бағытындағы бірлескен жұмысты күшейтуге бағытталған.