Бауыры жаншылып, қолы сынған: Ақмола облысында ат тұяғының астында қалған бүлдіршін ауыр хәлде жатыр

Ауыл ішінде бірнеше адам жарыс ұйымдастырған

Бауыры жаншылып, қолы сынған: Ақмола облысында ат тұяғының астында қалған бүлдіршін ауыр хәлде жатыр
Фото: ЖИ арқылы жасалды/Google Gemini

Ақмола облысына қарасты Талапкер ауылында ат тұяғының астында қалған бүлдіршін ауыр хәлде жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жарақат алған баланың ата-анасы ауыл көшелерінде бірнеше адам ат жарысын ұйымдастырғаны, сол жерде балалар да болғанын айтты. Белгілі болғандай салт аттылардың бірі кішкентай баланы таптап кеткен.

Салдарынан үш жасар бүлдіршін ауыр жарақат алған: бауыры жаншылған, қолы сынған, ішкі ағзалары зақымданған. Балаға бірнеше ота жасалды, қазіргі уақытта дәрігерлердің бақылауында ауыр хәлде жатыр.

Туыстарының айтуынша, ауыл көшелерінде мұндай жарыс бұрын да бірнеше рет болған.

Оқиғаға қатысты агенттік тілшісі облыстық Полиция департаментіне сұрау жолдады.

«Алдын ала мәліметке сәйкес, осы жылдың 5 маусымында Талапкер ауылында ат кішкентай баланы (2022 жылы туған) соғып кеткен. Бала медициналық мекемеге жеткізіліп, ауруханаға жатқызылды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», – делінген ПД жауабында.