Астана әуежайында дабыл белгісі іске қосылады: жолаушыларға ескерту жасалды
Дабыл жүйесі іске қосылатын уақыттар белгіленді
Астана халықаралық әуежайы жолаушыларға 1-терминалда сиреналардың аздаған уақытқа қосылуы мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әуежайдың баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін терминалда автоматты өрт дабылы жүйесіне жоспарлы техникалық қызмет көрсету жұмысы жүргізіліп жатыр. Мамандар өртке қарсы панельдерді уақытша ажыратып, дәнекерлеу жұмысын атқаруда, сондай-ақ жабдықтарға профилактика жасап, диагностика жүргізуде.
Жұмыс екі кезеңде жоспарланған:
- сағат 09:30-дан 13:00-ге дейін;
- сағат 14:00-ден 15:00-ге дейін.
Осыған байланысты өрт дабылы жүйесінің жалған іске қосылу жағдайлары болуы мүмкін.
Әуежай әкімшілігі жолаушылардан, қызметкерлерден және жалға алушылардан уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауды және терминалда болған кезде осы ақпаратты ескеруді сұрады.
Баспасөз қызметі келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұрады.