ЖІӨ өссе де, бюджетке 335 млрд теңге түспей қалған – Әлихан Смайылов
Бұған салықтан түсетін ақшаны тым артық оптимизммен күту себеп болған
Былтыр жалпы ішкі өнім 9 трлн теңгеге асыра орындалған, алайда бюджет жоспары орындалмады. Қазынаға 335 млрд теңге қаражат түспей қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайыловтың айтуынша, бұған жоспарлаудағы қателіктер мен салықтан түсетін ақшаны тым артық оптимизммен күту себеп болған.
«Кірістерді жоспарлау кезеңінде оларды болжау әдістемесінің сақталмайтынын бұдан бұрын атап өткен болатынбыз. Асыра көрсетілген параметрлер және әдістемеде көзделмеген қосымша түсімдер қарастырылған. Болжамдарды шамадан тыс қалыптастыру алдағы кезеңдегі салық базасының кемуіне әкеледі», – деді Әлихан Смайылов.
Жоғары аудиторлық палатаның талдауы бойынша, бюджет жыртығын жамау үшін келесі жылдардың есебінен алдын ала қаржы тарту фактілері тіркелген.
«Біздің бағалауымызша, 2026 жылғы төлемдердің 154 млрд теңгесі 2025 жылы тартылды және шамамен 900 млрд теңгеге қосылған құн салығы қайтарылмаған. Алайда, бұл бюджеттің кірістерінің және шығыстарының теңгерімділігін қамтамасыз етпеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша 244 млрд теңгеге жоспарланған қаржы бөлінбеді, сондай-ақ едәуір кредиторлық берешек қалыптасты», – деді ол.
Әлихан Смайылов елдегі бюджет тапшылығы мәселесі әлі де күрделі күйінде қалып отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, үкімет тарапынан тапшылықты азайту бойынша арнайы жоспарлар қабылданғанымен, олардың орта мерзімді перспективада іске асатыны үлкен күмән тудырады.