Олжас Бектенов Сауд Арабиясы Корольдігінің министрімен кездесті
Премьер-министр Олжас Бектенов Astana Mining & Metallurgy 2026 конгресіне қатысу үшін келген Сауд Арабиясы Корольдігінің өнеркәсіп және минералдық ресурстар министрі Бандар әл-Хураифпен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Үкіметтің мәліметінше, Сауд Арабиясы Қазақстанның Таяу Шығыстағы негізгі сауда-экономикалық серіктестері қатарына кіреді. Қазақстан мен Сауд Арабиясы көшбасшыларының өзара қолдауы нәтижесінде сенімді әрі достық қарым-қатынастар орнағаны атап өтілді.
«2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы өзара сауда көлемі 17%-ға артып, 11,7 млн долларды құрады. Биыл қаңтар-сәуір айларында тауар айналымы 2,9 есеге өсіп, 6,1 млн доллардан асты. Кейінгі 20 жылда Сауд Арабиясы Корольдігінен Қазақстан Республикасына тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 115,3 млн долларды құрады. Биыл ақпан айында қол қойылған Қазақстан – Сауд Арабиясы үйлестіру кеңесін құру туралы келісім және инвестицияларды өзара ынталандыру мен қорғау туралы келісім жаңа бірлескен бастамаларды жүзеге асыру үшін қосымша мүмкіндіктер ашады. Тау-кен металлургия кешеніндегі ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелеріне, сондай-ақ аса маңызды минералдар саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективаларына назар аударылды. Пайдалы қазбаларды барлау, өндіру және өңдеу, сондай-ақ қосылған құны жоғары өндірістерді дамыту саласындағы өзара іс-қимыл талқыланды», – делінген Үкіметтің хабарламасында.
Кездесуге қатысушылар тау-кен металлургия және аса маңызды минералдар саласында екіжақты өзара іс-қимылды арттыруға дайын екендерін растады.