Ақтөбеде нөсерден кейін көшелерді су басты: тұрғындар жолды кешіп өтуге мәжбүр болды

Автор: Алмас Ерсін

Әлеуметтік желіде суға толған көшелер мен жаяу жүргіншілердің жолды кешіп өтіп жатқан видеолары тарады

Фото: diapazon.kz

8 маусым күні жауған қатты жаңбырдан кейін Ақтөбенің бірқатар көшесін су басты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қала тұрғындары әлеуметтік желілерде қолайсыз ауа райының салдарын көрсететін фото және видеоларды жариялап жатыр. Ал коммуналдық қызметтер көшелердегі суды сорып шығару жұмыстарын жалғастыруда.

«Диапазон» газетінің мәліметінше, бір сағаттан астам уақыт бойы жауған жаңбыр салдарынан қаладағы бірнеше көше су астында қалған. Кей жерлерде жаяу жүргіншілер тобықтан келетін суды кешіп өтсе, жүргізушілерге үлкен шалшықтарды айналып өтуге немесе су басқан жолдармен жүруге тура келген.

Әсіресе, қала орталығындағы «Нұрдәулет» аялдамасы маңында жағдай күрделі болған. Тұрғындардың айтуынша, жаяу жүргіншілер өткелін су басып, көшемен жүру қиындаған.

Қала тұрғыны Лейланың сөзінше, Ерназаров көшесіндегі арықтар лық толып, су дер кезінде ағып кетпегендіктен аулаларға кіре бастаған.

Оның айтуынша, ең күрделі жағдай Ақтөбенің орталық бөлігінде және Әбілқайыр хан даңғылы маңында байқалады. Ал Сәңкібай батыр және Мәңгілік Ел даңғылдарында жағдай салыстырмалы түрде тұрақты.

Қала әкімдігі соңғы үш аптада Ақтөбеде жылдық жауын-шашын мөлшеріне жуық ылғал түскенін мәлімдеді. Соның салдарынан нөсер суын ағызу жүйесіне айтарлықтай салмақ түскен.

«Қазіргі уақытта қала көшелерінде 110 ассенизаторлық көлік, 5 сорғы станциясы және мотопомпалар жұмыс істеп жатыр. Ең алдымен көше-жол желісіндегі суды сору жұмыстары жүргізілуде. Көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларындағы суды шығару жұмыстарын ПИК және МИБ төрағалары тұрғындармен бірлесіп ұйымдастыруы тиіс. Жаңбыр суын ағызуға арналған 30 арнайы орын белгіленген. "Қазгидромет" мәліметінше, өңірде нөсер жаңбыр апта соңына дейін жалғасады», – деп мәлімдеді Ақтөбе қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Қала билігінің мәліметінше, коммуналдық қызметтер нөсер салдарын жою жұмыстарын жалғастырып жатыр. Алайда жауын-шашын көлемінің көп болуы су сору жұмыстарын қиындатып отыр.