БҚО-да әкесінің көлігін ұрлаған бозбала полициядан қашамын электр желісінің тірегіне соғылды (ВИДЕО)
Оқыс оқиға Зачаганск кентінің Мөңкеұлы көшесінде болған
Орал қаласындағы Зачаганск кентінде жасөспірім әкесінің көлігін ұрлап кетіп, полициядан қашамын деп электр желісінің тірегіне соғылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік желіде жол-көлік оқиғасының сәті түсірілген видео жарияланған. Кадрларда кәмелетке толмаған жүргізуші патрульдік көліктерден қашпақ болып, бағанаға соғылғаны көрінеді.
Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің мәліметінше, 7 маусым күні сағат 08:13-те «102» арнасына Зачаганск кентінің Мөңкеұлы көшесінде JAC маркалы автокөлікті заңсыз айдап кеткені туралы хабарлама түскен.
Хабар түскеннен кейін полиция қызметкерлері жұмылдырылып, көліктің орналасқан жерін анықтау бойынша жедел-іздестіру шаралары ұйымдастырылған.
«Жүргізілген іс-шаралар барысында автокөлік Жәңгірхан мен Жақыпов көшелерінің қиылысында анықталды. Жүргізуші полиция қызметкерлерінің тоқтау туралы заңды талаптарын орындамай, жол қозғалысы ережелерін бұзып, электр желісінің тірегіне соғылды.
Тексеру нәтижесінде көлік тізгінінде көлік иесінің кәмелетке толмаған ұлы болғаны анықталды, ол көлікті иесінің рұқсатынсыз алған. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ», – делінген хабарламада.
Аталған дерек бойынша кәмелетке толмағанның заңды өкілдерін жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылып жатыр. Көлік иесі ешқандай талап қоймайтынын білдірген.