БАҚ беттерінде Талғат Байсуфиновтың қызметінен кетуі мүмкін екені туралы ақпарат тарады
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері жұмысынан қуылуы мүмкін екені туралы ақпарат тарады. Осыған байланысты Қазақстан футбол федерациясы ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Белгілі болғандай, Қазақстан футбол федерациясы бірқатар бұқаралық ақпарат құралында Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфиновтың қызметінен кетуі мүмкін екені туралы тараған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдейді.
«ҚФФ Талғат Маруаұлы Байсуфиновқа толық қолдау білдіреді. Маманның кәсіби қызметін, Қазақстан ұлттық құрамасын дамытуға қосқан үлесін, сондай-ақ команданы алдағы матчтар мен турнирлерге дайындау бағытындағы жұмысын жоғары бағалайды. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін, блогерлерді және әлеуметтік желі қолданушыларын тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге және қоғамды жаңылыстыруы мүмкін расталмаған ақпаратты таратпауға шақырамыз», – делінген хабарламада.
Кадрлық шешімдерге қатысты барлық жаңалық Қазақстан футбол федерациясының ресми ақпарат көздерінде ғана жарияланады.