Арнайы операция нәтижесінде 11 адам ұсталды
Еуропа мен ТМД-да синтетикалық есірткі өндірумен және таратумен айналысқан қылмыстық ұйымның мүшелері ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ІІМ мәліметінше, 28 мамыр күні Киев қаласында Еуропа мен ТМД елдерінде синтетикалық есірткі өндірумен және таратумен айналысқан қылмыстық ұйымға тиесілі call-орталықтардың қызметі тоқтатылды.
«Тергеу барысында бұл орталықтардың адамдарды есірткі бизнесіне тарту үшін пайдаланылғаны анықталды. Операторлар мен менеджерлер Қазақстан аумағында есірткі жасырушы және есірткі ораушы рөліне адамдарды іздеп, оларды заңсыз жұмысқа қабылдаған», – деді ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікенов.
Арнайы операция нәтижесінде 11 адам ұсталды. Олардың арасында ұйымдастырушылар, операторлар және адамдарды заңсыз жұмысқа тартумен айналысқан қызметкерлер бар. Тоғыз мекенжайда тінту жүргізіліп, шамамен 40 мың АҚШ доллары, 10 мың еуро, Range Rover автокөлігі, 18 ұялы телефон, 12 ноутбук пен планшет тәркіленді.
«Қазір тәркіленген техникадағы мәліметтер зерттеліп жатыр. Сонымен қатар ұйымдастырушылардың аккаунттары анықталып, қаржылық тергеу жүргізілуде», - деді спикер.
Бұл call-орталықтардың жабылуы Қазақстан азаматтарын есірткі қылмыстарына тарту фактілерін азайтып, халықаралық есірткі бизнесін ұйымдастырушыларды жауапқа тартуға мүмкіндік береді.