Қазақстан–Ресей шекарасында жүк көліктерінің қозғалысы қиындады

Автор: Алмас Ерсін

Кептеліске Ресей тарапының көліктерді қабылдау қарқынын баяулатуы себеп болған

Фото: depositphotos.com

Ақтөбе облысындағы Қазақстан–Ресей шекарасында жүк көліктерінің кезегі пайда болды. Бұған Ресей тарапының көлік құралдарын қабылдау қарқынын төмендетуі себеп болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, жағдайдың күрделенуіне екі елдегі шекаралық инфрақұрылымның өткізу қабілетіндегі айырмашылық та әсер етіп отыр. Мәселен, Қазақстандағы «Жайсаң» автомобиль өткізу бекетінде қозғалысқа арналған төрт жолақ жұмыс істесе, Ресейдегі «Сағарчин» бекетінде небәрі екі жолақ бар.

«Қазіргі уақытта көршілес тараптың жүк көліктерін қабылдау қарқынының төмендеуі байқалып отыр. Сонымен қатар өткізу бекеттері арасындағы инфрақұрылымдық теңгерімсіздік те айтарлықтай ықпал етуде», – делінген комитет хабарламасында.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, қолданыстағы инфрақұрылым мүмкіндіктері шектеулі болған жағдайда көлік ағынының артуы жүк көліктерінің шекарадан біркелкі өтуіне кедергі келтіріп, кезектің пайда болуына әкеледі.

Сондай-ақ Мемлекеттік кірістер комитеті бұл бағытта демалыс күндерінен кейін көліктердің жиналуы тұрақты түрде байқалатынын атап өтті. Өйткені осы кезеңде шекарада жүк көліктері көптеп шоғырланады.

«Жайсаң» өткізу бекеті Ақтөбе облысының Мәртөк ауданында орналасқан. Ол Ресейдің Орынбор облысындағы «Сағарчин» өткізу бекетімен шектеседі.