Кей өңірлерде ауа температурасы +37 градусқа дейін көтеріледі
8 маусымда Қазақстанның бірнеше өңірінде ауа райы құбылмалы болады. Синоптиктер бірқатар аймақта найзағай мен нөсер жаңбыр болжаса, кей өңірлерде ауа температурасы +37 градусқа дейін көтеріледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазгидромет» мамандарының болжамынша, ел аумағында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде бұршақ түсіп, жел күшейеді.
Ең жоғары температура Павлодар, Қарағанды, Жетісу және Ұлытау облыстарында тіркелмек. Бұл өңірлерде ауа температурасы +35…+37 градусқа дейін жетеді.
Сонымен қатар осы аймақтарда күн райы күрт өзгеріп, аптап ыстықтан кейін нөсер жаңбыр мен найзағай болуы мүмкін.
Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында жаңбыр мен найзағай күтіледі.
Кей жерлерде қатты жауын-шашын, бұршақ және екпіні секундына 15-20 метрге дейін жететін жел болжанып отыр.
Маңғыстау облысында шаңды дауыл көтерілуі ықтимал.
Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Қарағанды облыстары мен Абай өңірінде жаңбыр, найзағай, кей жерлерде бұршақ пен дауыл күтіледі.
Желдің жылдамдығы 15-20 метрге дейін күшейеді. Кей аудандарда тұман түсуі мүмкін.
Синоптиктердің мәліметінше, Қызылорда, Түркістан, Ақтөбе, Қарағанды, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Абай өңірінде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталып отыр.
Жетісу облысында да ауа температурасы +35 градусқа дейін көтеріліп, өрт қаупі жоғары деңгейде болады.
Ал Астанада жауын-шашын күтілмейді, бірақ жоғары өрт қаупі сақталады.
Мамандар тұрғындарды ауа райының күрт өзгеруіне дайын болуға шақырды.
Найзағай кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтап, қатты жел мен дауыл кезінде сақ болу, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң ұстану қажет.