Балаға 6000 вольт кернеу әсер еткен
Қарағанды облысының Долинка кентінде 10 жастағы бала жоғары кернеулі электр желісінің бағанына шығып, ток соққаннан кейін биіктен құлап кеткен. Қазір ол жансақтау бөлімінде ауыр халде жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға Долинка кентінде болған. 10 жастағы бала электр беру желісінің тірегіне шығып кеткен. Сол сәтте оны шамамен 6000 вольт кернеулі ток соққан.
Ток соққысынан кейін бала биіктен құлап түскен.
Туыстарының айтуынша, дәрігерлер баланың денесінен ауыр электр күйіктерін анықтаған.
Сонымен қатар құлау салдарынан түрлі жарақат алған.
Қазіргі уақытта бала жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр.
Жақындарының сөзінше, электр желісінің тірегі балалар ойнайтын алаңнан бірнеше метр ғана қашықтықта орналасқан.
Олардың айтуынша, нысан қоршалмаған және ескерту белгілері де қойылмаған.
«Қазір баламыздың жағдайының жақсарғанын күтіп отырмыз. Ең алаңдатарлығы – бұл балалар алаңының жанында тұр. Балалар ол жерге жиі барып, бағанға шығып ойнайды», – дейді туыстары.
Олар оқиғадан бірнеше күн өтсе де, аумақтың әлі күнге дейін қоршалмағанын айтып отыр.
Қарағанды облыстық полиция департаменті аталған фактінің тіркелгенін хабарлады.
Ведомство мәліметінше, материалдар Қарағанды облысы бойынша Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің аумақтық департаментіне жолданған.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тексеру жүргізілуде. Оның қорытындысы бойынша құқықтық баға беріледі.