Жекпе-жек шамамен, 2021 жылдың мамыр айында өтпек
WBA нұсқасы бойынша орта салмақтағы қазіргі әлем чемпионы мексикалық Сауль Альварес пен сол салмақтағы IBF және IBO белбеулерінің иегері қазақстандық Геннадий Головкин үшінші рет жекпе-жек өткізуге келісті, деп хабарлайды vesti.kz.
Бұл туралы журналист, The Athletic инсайдері Майк Коппинджер Twitter желісінде жазды. Оның айтуынша, екі тарап осыдан бірнеше ай бұрын келісім жасасқан. Жекпе-жектің өтетін уақыты шамамен, 2021 жылдың мамыр айы.
Журналист бұл жекпе-жектен Сауль Альварес $45 млн, ал Геннадий Головкин $30 млн табыс табатынын айтты. Екінші бокс кеші ұйымдастырушыларға $27 млн кіріс әкелгендіктен, үшінші жекпе-жек көрерменсіз өтпейді.
Еске сала кетсек, 2017 жылдың қыркүйегінде болған алғашқы жекпе-жек тең нәтижемен аяқталса, 2018 жылы өткен екінші айқаста төрешілердің шешімімен Альварес аз ғана басымдықпен жеңіске жетті.
Осы күзде GGG поляк боксшысы Камил Шереметамен жекпе-жек өткізеді. Ал «Канело» қыркүйекте британ боксшысы Каллум Смитпен кездеседі.