Нұралы Медина мектеп қабырғасында үздік оқушылардың қатарында болған
Түркістан облысындағы ауыл мектебінің түлегі Нұралы Медина әлемнің жетекші жоғары оқу орындарынан 80 шақырту алды. АҚШ, Еуропа және Біріккен Араб Әмірліктерінің беделді университеттері талапкерге оқу мен грант мүмкіндіктерін ұсынған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, халықаралық жоғары оқу орындары Нұралы Мединаның академиялық жетістіктерін, көшбасшылық қасиеттерін және қоғамдық белсенділігін жоғары бағалаған.
Соның нәтижесінде талапкер әлемнің түрлі елдеріндегі ондаған беделді университеттен шақырту алған.
Министрлік мәліметінше, мектеп түлегі халықаралық IELTS және SAT емтихандарын сәтті тапсырып, әлемдік деңгейдегі университеттерге түсуге жеткілікті білім деңгейін көрсеткен.
Республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалардың жеңімпазы
Нұралы Медина мектеп қабырғасында үздік оқушылардың қатарында болған.
Ол ғылыми, зияткерлік және қоғамдық жобаларға белсенді қатысып, бірқатар республикалық байқауларда жеңіске жеткен.
Атап айтқанда, ағылшын тілі пәнінен өткен «Жасанды интеллект – ғылыми зерттеулердің жаңа мүмкіндігі» тақырыбындағы республикалық ғылыми-шығармашылық конференцияда І орын иеленген.
Сондай-ақ республикалық «Ой зерек» олимпиадасының жеңімпазы атанған.
Бұл жетістік ауыл мектептерінде оқитын оқушылардың да әлемдік деңгейдегі білім беру ұйымдарына түсуге толық мүмкіндігі бар екенін көрсетеді.
Бұған дейін де қазақстандық түлектер шетелдік университеттерден грант ұтып алып жүргенімен, бір талапкердің бірден 80 университеттен шақырту алуы сирек кездесетін нәтиже саналады.