Марафон барысында пластикті қайта өңдеу аймақтары жұмыс істеді
Астанада өткен Astana Half Marathon жарысы спорттық шарамен ғана шектелмей, экологиялық бастаманы да біріктірді. Қатысушылар «Таза Қазақстан» акциясын қолдап, жүгіру барысында қоқыс жинауға қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Елорда әкімдігінің ресми сайтының мәліметінше, марафон аясында плоггинг акциясы ұйымдастырылған.
Плоггинг – жүгіру мен қоршаған ортаны тазалауды біріктіретін экологиялық қозғалыс. Акцияға қатысушылар марафон бағыты бойындағы пластик бөтелкелер мен өзге де қоқыстарды жинаған.
Акцияға қатысушылардың айтуынша, мұндай бастамалар қала тазалығын сақтауға ғана емес, жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға да ықпал етеді.
«Мұндай шаралар қаланың тазалығын сақтауға көмектесіп қана қоймай, жастар арасында экологиялық жауапкершілікті арттырады. Марафон кезінде көптеген қатысушы мен қала тұрғыны бастаманы қолдап, акцияға қосылуға ниет білдірді», – деді қатысушылардың бірі.
Марафон барысында арнайы қалдықтарды сұрыптап жинау бекеттері мен пластикті қайта өңдеу аймақтары жұмыс істеді.
Іс-шаралар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы және «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылды.
Ұйымдастырушылар мұндай бастамалар тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттырып, экологиялық мәдениетті дамытуға сеп болатынын атап өтті.