Шетелдік маркетплейстен тауар алу: кедендік төлемді кімдер төлейді

Автор: Дәулет Ботагөз

Құны 200 еуродан аспайтын тауарларға қатысты қолданыстағы тәртіп сақталады

Фото: Қаржы министрлігі

2026 жылдың екінші жартысынан бастап ЕАЭО елдерінде шетелдік маркетплейстерден тауар сатып алуға қатысты жаңа ережелер күшіне енеді. Өзгерістер Temu, AliExpress, iHerb және басқа да халықаралық интернет-дүкендер арқылы тапсырыс беретін азаматтарға қатысты болмақ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

200 еуроға дейінгі тауар сатып алуға өзгеріс жоқ

Қаржы министрлігінің мәліметінше, құны 200 еуродан аспайтын тауарларға қатысты қолданыстағы тәртіп сақталады.

Яғни:

  • кедендік баж бен салық төлеудің қажеті жоқ;
  • сәлемдемелер бұрынғыдай жеткізіледі;
  • сатып алушы кеден органдарына жеке жүгінбейді;
  • барлық декларацияларды электрондық сауда операторлары рәсімдейді.

Сонымен қатар бұрын қолданылған 31 келілік салмақ шектеуі алынып тасталады.

Қандай жағдайда қосымша төлем төлеуге тура келеді?

Жаңа ережеге сәйкес, құны 200 еуродан асатын тауарларға кедендік төлем енгізіледі.

Бұл жағдайда:

  • тауар құнының 5%-ы көлемінде кедендік баж;
  • 16% мөлшерінде қосылған құн салығы (ҚҚС) төленеді.

Мысалдар

Егер тауар құны:

  • 250 еуро болса, кедендік баж шамамен 12,5 еуро (7 мың теңгеге жуық) болады және оған қоса ҚҚС төленеді;
  • 500 еуро болса, баж мөлшері 25 еуроға (14 мың теңгеге жуық) жетеді, сондай-ақ ҚҚС есептеледі.

Не өзгереді?

Жаңа ережеге сәйкес шетелдік маркетплейстерден сатып алынатын өнімдер «электрондық сауда тауарлары» деген жеке санатқа енгізіледі.

Олар үшін арнайы «электрондық сауда тауарларына арналған декларация» рәсімделеді. Бір декларацияда әртүрлі сатып алушыларға тиесілі 999 тауарға дейін көрсетуге болады.

Бұл құжаттарды кеден органдарына жаңа институт ретінде енгізілген электрондық сауда операторлары ұсынады.

Қандай маркетплейстерге қатысы жоқ?

Жаңа талаптар ЕАЭО аумағында орналасқан қоймалардан сатылатын тауарларға әсер етпейді.

Сондықтан:

  • Wildberries;
  • Ozon;
  • Kaspi.kz

сияқты жергілікті интернет-платформалар арқылы жасалған сатып алулар бұрынғы тәртіппен жүзеге аса береді.

Өзгерістің мақсаты қандай?

Қаржы министрлігі бұл шаралардың интернет-сауданы реттеуге және коммерциялық мақсаттағы тауарларды жеке пайдалану үшін сатып алынған өнім ретінде рәсімдеу әрекеттерінің алдын алуға бағытталғанын мәлімдеді.

Осылайша, құны 200 еуродан аспайтын тауарларға тапсырыс беретін қазақстандықтар үшін сатып алу және жеткізу тәртібі өзгермейді.