«AMANAT» партиясының Саяси кеңесі Президенттің күн тәртібі төңірегінде топтасуға шақырды

Автор: Дәулет Ботагөз

Саяси кеңес үндеу жасады

Фото: Әли Ғалым

Астанада Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошановтың төрағалығымен партиясы Саяси кеңесінің отырысы өтті. Оның қорытындысы бойынша мемлекеттегі барлық прогрессивті қоғамдық-саяси күштерді Әділетті және Прогрессивті Қазақстанды құру жолында күш біріктіріп, жұмыла жұмыс істеуге шақырған мәлімдеме қабылданды. Отырысқа Саяси кеңес пен партия Бюросының мүшелері, Орталық аппараттың басшылығы, өңірлік филиалдардың төрағалары мен атқарушы хатшылары қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Өз сөзінде Ерлан Қошанов жуырда Мемлекет басшысы Мемлекеттік ту көтеру рәсімінде ел дамуының жаңа бағытын айқындап, барлық салауатты әрі прогрессивті қоғамдық-саяси күштерді жалпыұлттық құндылықтар мен мақсаттар төңірегіне топтасуға шақырғанын атап өтті. Осыған байланысты, «AMANAT» жауапты саяси партия ретінде Мемлекет басшысының үндеуін толық қолдайды және елді дамытуға бағытталған ауқымды президенттік күн тәртібін жүзеге асыру жолында еңбек етуге дайын барлық күштермен өз әлеуетін біріктіруге дайын.     

«Бүгін біз осы тарихи кезеңнің маңызын терең түсінуіміз керек. Жаңа Конституцияның қабылдануымен Тәуелсіз Қазақстанның жаңа дәуірі басталды. Ешқандай асыра сілтеусіз айтар болсақ, бұл – халқымыз қолдаған Президентіміздің аса ірі жетістігі әрі саяси жеңісі. Енді біздің алдымызда жаңа Конституцияда белгіленген барлық мақсатты жүзеге асыру міндеті тұр. Бұл – жалғыз атқаруға келмейтін күрделі жұмыс. Ол бізден жұдырықтай жұмылуды, бірлік пен келісімді талап етеді. Бүгін біз қоғамға жауапкершілік пен ұйымшылдықтың үлгісін көрсетуіміз қажет», – деді Ерлан Қошанов.

Отырыс барысында Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева жаңа Конституция күшіне енуінің тарихи маңызын атап өтіп, қоғамдық-саяси күштерді мемлекетті дамытудың стратегиялық міндеттері төңірегінде топтасуға шақырды. Алматы облыстық филиалының төрағасы Қуат Байғоджаев Президент бастамашы болған реформалар өңірлердің серпінді дамуына ықпал етіп, жүргізіліп жатқан өзгерістерге деген азаматтар сенімін нығайтып отырғанын айтты. Маңғыстау облыстық филиалының жетекшісі Нұрбек Қарасаев мемлекеттің ауқымды қоғамдық-саяси жаңғыруы жағдайында қоғамдық келісім мен бірлікті сақтаудың маңызына назар аударды. Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Ата Заңның күшіне енуі жаңа саяси кезеңді ашатынын айтып, ел тәуелсіздігін нығайту жолында күш-жігерді біріктіруге шақырды.

«AMANAT» ПАРТИЯСЫ САЯСИ КЕҢЕСІНІҢ ҮНДЕУІ

Қазақстан даму жолының жаңа кезеңіне қадам басып отыр.

Жаңа Конституцияның қабылдануы және мемлекеттік институттардың жаңаша қалыптасуы еліміздің тәуелсіздігін нығайтуға, халықтың әл-ауқатын жақсартуға және алға қойған стратегиялық мақсаттарға жетуге жаңа мүмкіндіктер береді.

2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы күшіне енеді. Осы Конституцияның нормаларын жүзеге асыру мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бірқатар конституциялық заңдарға қол қойды.

Жаңа Негізгі заңда еліміздің ұзақ мерзімді дамуына негіз болатын басты құндылықтар айқындалған. Олар: тәуелсіздік пен ел бірлігі, әділдік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, «Таза Қазақстан» және еріктілік, жасампаздық пен өркендеу.

Осы құндылықтарға сүйене отырып, біз Әділетті әрі Прогрессивті Қазақстанды құрып жатырмыз.

Бұл маңызды міндеттің табысты орындалуы мемлекет пен қоғамның бірлігіне байланысты.

Мемлекет басшысы еліміздің барлық озық ойлы азаматтарын ортақ ұлттық құндылықтар мен мақсаттар төңірегіне топтасуға шақырды.

«AMANAT» партиясының Саяси кеңесі бұл үндеуді толық қолдайды.

Біз ауқымды өзгерістерді табысты жүзеге асыру үшін саяси партиялардың, азаматтық қоғамның, сарапшылар қауымдастығының, ғылым, білім, мәдениет және бизнес саласы өкілдерінің, жастардың және ел болашағына бейжай қарамайтын барлық азаматтардың күш-жігерін біріктіру қажет деп есептейміз.

«AMANAT» партиясы әрдайым Президент бастамаларын қолдап, олардың жүзеге асуына белсенді атсалысып келеді.

Осыған орай, біз барша қазақстандықтарды Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың күш біріктіріп, Әділетті әрі Прогрессивті Қазақстанды бірге құру туралы үндеуін қолдауға шақырамыз.

Тек бірлік пен ортақ еңбек арқылы ғана біз жаңа Конституцияның мүмкіндіктерін толық пайдаланып, Отанымыздың жарқын болашағын қамтамасыз ете аламыз!