Павлодар тұрғыны 2024 жылдың қыркүйегінде 2019 жылы шығарылған «Hyundai Elantra» автокөлігін сатып алған
Павлодарда 7,6 млн теңгенің көлігіне VIN нөмірі қолдан жапсырылғаны анықталды. Іс сотта қаралғанмен, сот сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тануға негіз жоқ деген қорытынды шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Соттың мәліметінше, 2024 жылдың қыркүйегінде тараптар арасында 2019 жылы шығарылған «Hyundai Elantra» автокөлігін 7,6 миллион теңгеге сатып алу-сату шарты жасалғанын анықтады. Кейін сатып алушыға көліктің сәйкестендіру нөмірі (VIN) қайта соғылғаны белгілі болып, мәмілені жарамсыз деп тануды және көлік үшін төленген соманы өндіру талап етумен сотқа жүгінген.
Сот талқылауы барысында шарт жасалған кезде автокөліктің заңнама талаптарына сәйкес тіркелгені, мемлекеттік есепте тұрғаны және оған қатысты тіркеу әрекеттеріне ешқандай шектеулер болмағаны анықталды. Сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында қойылған шектеулердің кейіннен алынғаны белгілі болды.
«Ұсынылған дәлелдемелерді бағалай отырып, сот сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тануға негіз жоқ деген қорытындыға келді. Сот сатып алушы пайдаланылған автокөлікті сатып алу кезінде тиісті сақтық танытпағанын және мәміле жасалғанға дейін көліктің VIN-кодын тексермегенін атап өтті. Сонымен қатар сатушының сатып алушыны көліктің сәйкестендіру нөміріне қатысты әдейі жаңылыстырғанын растайтын дәлелдер ұсынылған жоқ. Осыған байланысты, шартты жарамсыз деп тану туралы талапты қанағаттандырудан бас тартылғандықтан сот 7,6 миллион теңге мөлшеріндегі залалды өндіруден де бас тартты», – делінген хабарламада.
Сот шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан толық көлемде бас тартылды. Шешім заңды күшіне енді.