«Алдағы 50 жылда қарқынды түрде тартылады»: ғалымдар Каспий теңізіне қатысты сұмдық болжам жасады

Автор: Асыл Арман

Каспий теңізінің тартылуын тоқтату үшін не істеу керектігі белгілі болды

Фото: istockphoto.com

Біріккен Ұлттар Ұйымы Каспий теңізінің жылдам тартылып бара жатқанын талқылады. Ұйымның мәліметінше, теңіз суының шегінуі спутниктік суреттерден анық көрінеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жыл сайын 5 маусымға белігленген Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне арналған негізгі халықаралық іс-шаралар биыл Әзербайжанның Баку қаласында өтіп жатыр. Каспий теңізінің жай-күйі #ҚазірКлиматҮшін (#NowForClimate) ұранымен ұйымдастырылған. Климаттық дағдарысты еңсеру жолдарын іздеуге бағытталған жаһандық науқанның басты тақырыптарының біріне айналды.

Каспий теңізінің тартылуы бүгінде спутниктік суреттерден анық байқалады. Бірнеше шақырымға созылған теңіз табаны порттар мен балықшылар ауылын жағалау маңынан барған сайын алыстатып барады.

«Ғалымдардың болжамы да алаңдатарлық. Нақты ғылыми деректерге сүйенсек, алдағы 50 жылда теңіз деңгейі қарқынды түрде төмендей береді. Бұл құбылыс жағалаудағы бес елдің миллиондаған тұрғынының өмірі мен әл-ауқатына тікелей әсер етпек. Мамандардың айтуынша, оның негізгі себебі – жаһандық жылыну салдарынан судың булану қарқынының күшеюі. Экономикаға келетін залалдан бөлек, Каспийдің бірегей экожүйесіне де зор қауіп төніп тұр. Теңізде жойылып кету қаупі бар бірнеше жануар түрі мекендейді. Олардың қатарында әлемдегі бекіре тұқымдас балықтардың шамамен 90 пайызы бар. Теңіз деңгейінің төмендеуіне байланысты балықтардың өзен сағаларына жетуі қиындап барады. Ал дәл осы аумақтар олардың уылдырық шашатын негізгі мекендерінің бірі болып саналады», – делінген БҰҰ-ның хабарламасында.


Фото: Lada.kz

2003 жылы Каспий маңындағы бес мемлекет Тегеран конвенциясына қол қойды. Бұл құжат өңірдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен тұрақты дамуының маңызды құқықтық негізі саналады.

«Каспий теңізі – маңайында тұратын адамдардың өмірлік болмысының, естеліктерінің, дәстүрлері мен өмір салтының ажырамас бөлігі. Оны қорғау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Бұл тарихтың жалғасуы үшін дәл қазір бірлесіп әрі жауапкершілікпен әрекет етуіміз қажет деп санаймын», – деді Әзербайжан президентінің климат мәселелері жөніндегі өкілдігі кеңсесінің аға кеңесшісі Фаиг Муталлимов.

Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне арналған ресми үндеуінде Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Антониу Гутерриш жер шары адамзатқа уақыт өткен сайын алаңдатарлық белгі беріп жатқанын атап өтті.

«Соңғы он бір жыл метеорологиялық бақылаулар тарихындағы ең ыстық кезең болды. Оның салдары температураның көтерілуімен ғана шектелмейді. Ауаның ластануы, жердің тозуы, экожүйелердің бұзылуы және биоалуантүрліліктің азаюы адам денсаулығына зиян келтіріп, тұрғын үйлердің жойылуына әрі аштықтың белең алуына себеп болып отыр», – деді БҰҰ басшысы.

Гутерриштің айтуынша, әлем жаһандық жылынудың 1,5 градус шегінен уақытша асып кету қаупіне барған сайын жақындап келеді. Температураның әрбір оннан бір градусқа көтерілуі жаңа зардаптарға әкеледі, әсіресе халықтың ең осал топтары үшін. Сондықтан халықаралық қауымдастықтың басты міндеті – бұл межеден асып кету қаупін барынша азайтып, көрсеткіштерді қысқа мерзімде қалыпты деңгейге қайтару.

БҰҰ бас хатшысы энергетикалық қауіпсіздікке қол жеткізудің ең сенімді жолы ретінде парниктік газдар шығарындыларын күрт қысқартуды, қазба отыннан жаңартылатын энергия көздеріне әділ әрі жедел көшуді және метан шығарындыларын тез арада азайтуды атады. Сондай-ақ ол дамыған елдерді дамушы мемлекеттер алдындағы қаржылық міндеттемелерін орындауға шақырып, оның адамдардың өмірін сақтап, ұлттық экономикалардың тұрақтылығын нығайту үшін маңызды екенін еске салды.