Эбола вирусына қатысты үрей күшейді: Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеме жасады

Автор: Алмас Ерсін

Дәрігерлер халықты сабыр сақтап, тек ресми ақпаратқа сенуге шақырды

Фото: istockphoto.com/Kitsawet Saethao

Қазақстан Эбола вирусына байланысты шекараны жаппайды. Бұл туралы Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда Қазақстан халқы үшін қауіп деңгейі төмен деп бағаланып отыр. Дегенмен халықаралық сапарлардың белсенділігі жағдайында инфекцияның сырттан келу ықтималдығын толық жоққа шығаруға болмайды. Сондықтан әлемдегі эпидемиологиялық ахуал тұрақты бақылауда.

«Мұнда қосымша шектеулер енгізу туралы емес, елде тұрақты түрде жұмыс істеп тұрған дайындық тетіктерінің қызметі туралы сөз болып отыр», – деп атап өтті орталықта.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы төтенше жағдай жариялағаннан кейін Денсаулық сақтау министрлігі қолайсыз өңірлерден келетін азаматтарға қатысты эпидемиологиялық бақылауды күшейтті.

Сонымен қатар мемлекеттік шекарадағы өткізу бекеттерінде санитариялық-карантиндік бақылау тұрақты түрде жүргізіледі және бұл тек Эбола індетіне ғана байланысты шара емес. Барлық халықаралық рейстер тәулік бойы байланыссыз термометриялық тексеруден өтеді. Санитариялық-карантиндік бақылау мамандары қолданыстағы талаптарға сәйкес әрбір келген рейсті қарсы алады.

Қазақстанның ұстанымы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарына толық сәйкес келеді. Қазіргі Эбола індетіне байланысты ДДСҰ халықаралық сапарларға немесе саудаға шектеу енгізуді ұсынбайды.

«Мемлекеттердің негізгі міндеті – шекараны жабу емес, денсаулық сақтау жүйесінің ықтимал ауру жағдайларын дер кезінде анықтауға, науқастарды оқшаулауға және қажетті эпидемияға қарсы шараларды жүргізуге дайын болуын қамтамасыз ету. Қазақстан мен ауру тіркелген елдер арасында тікелей әуе қатынасының болмауы инфекцияның елге келу қаупін қосымша төмендетеді», – деп атап өтті ұйым өкілдері.

Мамандардың пікірінше, қазіргі уақытта халықтың алаңдауына негіз жоқ. Дегенмен бұл жағдай жаһандық эпидемиологиялық бақылаудың маңызын және шетелге сапар кезінде алдын алу шараларын сақтаудың қажеттігін тағы бір рет көрсетіп отыр.

Саяхатшылар нені білгені жөн?

Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы азаматтарға Эбола безгегі тіркелген елдерге – Конго Демократиялық Республикасы мен Угандаға барудан мүмкіндігінше бас тартуға кеңес береді.

Эбола тіркелген елдерде болған жағдайда мына сақтық шараларын ұстану қажет:

– жеке гигиена талаптарын қатаң сақтау;
– ауру адамдармен байланысқа түспеу;
– жабайы жануарлармен және олардың тіршілік іздерімен жанаспау;
– тек қауіпсіз суды пайдалану және толық термиялық өңдеуден өткен тағамдарды тұтыну;
– шикі немесе шала піскен етті жемеу.

Эбола безгегінің жасырын кезеңі 2 күннен 21 күнге дейін созылуы мүмкін. Сондықтан ауру тіркелген елдерден оралғаннан кейін үш апта бойы денсаулық жағдайын мұқият бақылау маңызды.

Егер дене қызуы көтеріліп, әлсіздік, бас ауруы, бұлшықет ауыруы, жүрек айну немесе өзге де жайсыздық белгілері байқалса, дереу медициналық көмекке жүгініп, дәрігерге шетелге барғаныңыз туралы міндетті түрде хабарлау қажет. Мұндай жағдайда өз бетінше емделуге болмайды.