Операция барысында көлемі 4-тен 10 сантиметрге дейін жететін алты миома түйіні алынды
Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасында жатырдың көптік миомасы диагнозы қойылған 35 жастағы әйелге күрделі операция сәтті жасалды. Жоспарлы кесарь тілігі кезінде дәрігерлер нәрестені аман-есен босандырып, бір мезетте жатырдағы алты миома түйінін алып тастады. Күрделі хирургиялық араласу барысында дәрігерлер жатырды сақтап қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Белгілі болғандай, облыс тұрғынында жатыр миомасы жүктіліктің ерте кезеңінде анықталған. Соған қарамастан дәрігерлердің тұрақты бақылауының арқасында әйел жүктілікті 37 аптаға дейін сәтті көтеріп шыққан.
«Жүктілік мерзімі толық жеткеннен кейін мамандар жоспарлы түрде операциялық жолмен босандыру туралы шешім қабылдады. Алдымен дені сау сәби дүниеге келіп, одан кейін миомэктомия жасалды. Операция барысында көлемі 4-тен 10 сантиметрге дейін жететін алты миома түйіні алынды. Оған үш акушер-гинеколог қатысты», – делінген облыс әкімдігінің хабарламасында.
Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасы директорының орынбасары Гүлжаһан Жұмадуллаеваның айтуынша, жатыр миомасы әйелдің ана атану мүмкіндігін шектемейді, алайда мұндай жағдайда мамандардың тұрақты бақылауы қажет.
«Әрбір жағдай жеке қарастырылады. Сондықтан әйелдер гинекологтың тұрақты бақылауында болып, уақытылы тексерулерден өтіп, жүктілікті жоспарлау мәселесін дәрігермен алдын ала талқылағаны жөн. Ерте диагностика мен дұрыс таңдалған емдеу тактикасы репродуктивтік денсаулықты сақтап, ана атануға мүмкіндік береді», – деді Гүлжаһан Жұмадуллаева.
Медициналық көмек Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында көрсетілді. Дәрігерлердің айтуынша, заманауи емдеу әдістері мен мамандардың үйлесімді жұмысы күрделі клиникалық жағдайларда да оң нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді.