Беларусьте қазақстандық VIP-нөмірлі Гелендваген шу шығарды (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Қазақстандық әйелдің жол ережесін өрескел бұзғаны анықталды

Фото: Видеодан скрин

Беларусьтің Минск қаласында қазақстандық VIP-нөмірлі Mercedes-Benz G-Class көлігі әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын тудырып, соның салдарынан 32 жастағы Қазақстан азаматшасы айыппұл арқалады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жол талғамайтын көлік Беларусь астанасының орталығындағы тротуарлардың бірінде тұрған жерінен жұрт назарына ілікті. Кейін көлік тағы да жұртшылықтың көзіне түсіп, бұл жолы «Замок» сауда орталығының жанындағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған тұраққа қойылғаны анықталды.

Тексеру барысында полиция қызметкерлері тағы бір құқық бұзушылықты анықтады. Әйел адамның екі жасар баласын алдыңғы орындықта балаларға арналағн арнайы орындықсыз алып жүргені белгілі болды.

Тексеру нәтижесінде Қазақстан азаматшасы жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.