Қазақстандық жеңіл атлеттер әлемдік турнирлерде үш медаль жеңіп алды

Автор: Асыл Арман

Олар бірқатар турнирге қатысып, жеңімпаздар қатарынан көрінді

Фото: Olympic.kz

Жеңіл атлетикадан Қазақстан құрамасының үш спортшысы халықаралық жарыстарда үш медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ҰОК мәліметінше, Елизавета Матвеева Кипрдің Лимасол қаласында өткен EKO Cyprus International Athletics Meeting турнирінде күміс медаль жеңіп алды. Отандасымыз биіктікке секіру сайысында 185 сантиметр нәтижесін көрсетіп, екінші орынға ие болды.

Ал Кристина Овчинникова Польшаның Белосток қаласында өткен Mityng na Rynku w Białymstoku турнирінде жүлдегерлер қатарынан көрінді. Қазақстандық спортшы 187 сантиметр биіктікті бағындырып, қола медаль еншіледі.

Сондай-ақ Полина Иванова Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өткен World Athletics Challenger сериясында сырықпен секіру жарысында күміс жүлдеге қол жеткізді. Ол 4,20 метр нәтижемен жарысты екінші орынмен аяқтады.