Мобильді аударымдар бойынша азаматтарға ескертулер жіберіле бастады

Автор: Темірхан Айжан

Кәсіпкерлерге қатысты маңызды ереже аталды

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов елдегі мобильді аударымдарды тексерудің алғашқы нәтижелері туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мемлекеттік кірістер органдары ереже бұзған болуы мүмкін деген азаматтар мен жеке кәсіпкерлерге арнайы хабарламалар жібере бастады. 

«Ескертулердің бірінші кезеңі ресми түрде жолданып жатыр. Бұның мәні азаматтарға салық міндеттемелерін орындамау қаупі бар екенін алдын ала ескерту»,- деді вице-министр.

Ол қазіргі уақытта азаматтарды бірден жазалау немесе оларға айыппұл салу жоспарда жоқ екенін айтты.

Вице-министрдің сөзінше, әзірге азаматтарға қатысты жазалау шаралары қолданылмайды. Керісінше, салық органдары сервистік тәсілге басымдық беріп, анықталған сәйкессіздіктерді алдағы декларацияларда түзетуге мүмкіндік береді.

«Мәселен, оңайлатылған декларациямен жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер табысын жартыжылдықтың қорытындысы бойынша көрсете алады, ал жалпыға бірдей белгіленген режимдегі кәсіпкерлер жылдық есеп беру кезінде бәрін реттеуге құқылы»,- деді ол. 

Сонымен қатар, Ержан Біржанов бизнеспен айналысатын азаматтар үшін өте маңызды бір ережені еске салып өтті. 

«Кәсіпкерлік қызметке қатысты кез келген төлемдерді қарапайым жеке тұлғаның банктік шоты арқылы қабылдауға мүлдем болмайды, ол үшін арнайы ашылған бизнес-шотты пайдалану міндетті. Бірақ кәсіпкердің өз шоттары арасында, мысалы, өзінің бір картасынан екінші картасына жасаған аударымдары ешқандай тексеріске жатпайды және оған ешкім тиіспейді»,- деді ол. 

Министрдің орынбасары бүгінгі күнге дейін мобильді аударымдардағы шикіліктер үшін бірде-бір жеке тұлғаның немесе жеке кәсіпкердің әкімшілік жауапкершілікке тартылмағанын, яғни ешкімге айыппұл салынбағанын жеткізді.