«Төрт адам жабылып кетті»: Қазақстан азаматы Қытайда қорғанамын деп бір адамды өлтіріп қойды
Қазір оны Қытайдың құқық қорғау органдары қамауға алды
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Қытайда төбелестен кейін отандасымыз қамауға алынғанын растады. 29 жастағы Махмұтхан Шерназаров адам денсаулығына қасақана зиян келтірді деген күдікке ілінген. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Дегенмен Махмұтхан Шерназаровтың жұбайы күйеуінің адам өліміне әкеп соққан төбелеске күтпеген жағдайда араласып кеткенін айтып отыр.
«Күйеуім кофехананың жанында тұрған кезде ер адамдардың бір қызға тиісіп жатқанын көрген. Ол сол жерде дереу қыз баланы қорғауға тырысқан. Алайда сол сәтте оған бірнеше адам жабылып кеткен. Маңайында өтіп бара жатқан куәгерлер төбелесті видеоға түсіріп алған, олар төртеу еді. Жолдасым өзі қорғамақ болып, төртеуінің біреуін жұдырығымен ұрып қалғанда, ол сол жерде құлап қалған. Кейін оның қайтыс болғаны анықталды. Осы оқиғадан кейін Махмұтханды ұстап әкетті. Жолдасым үшін қатты алаңдап отырмын, оның елге тезірек оралғанын қалаймын», – дейді жұбайы Жұлдыз Қайнар.
Жұлдыз Қайнардың айтуынша, Махмұтхан Шерназаров Қытайға бір апта бұрын табыс табу үшін кеткен. Ол тауар бизнесімен айналысады, ал жұбайы әлеуметтік желі арқылы жұмыс істейді. Отандасымыз өткен сенбі күні Гуандун провинциясында ұсталған.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Қытай азаматының көз жұмғаны туралы ақпаратты әзірге растаған да, жоққа шығарған да жоқ. Қазақстан консулдары қосымша ақпарат алу үшін Қытай Халық Республикасының құзырлы органдарына ресми сұрау жолдаған.