Тоқаев Талғардағы «Атлетиконың» академиясын аралап, футбол аңызы Давид Вильямен кездесті (ВИДЕО)

Мемлекет басшысы «Атлетико де Мадрид Қазақстан» футбол академиясына барды

Тоқаев Талғардағы «Атлетиконың» академиясын аралап, футбол аңызы Давид Вильямен кездесті (ВИДЕО)
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысындағы «Атлетико де Мадрид Қазақстан» халықаралық деңгейдегі футбол академиясын аралап шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақорданың мәліметінше, мемлекет басшысы академияның 180 балаға арналған жатақханасын аралап көрді. Қазір мұнда еліміздің әр түкпірінен келген 116 бала жаттығады.

«Академия ойыншыларын испаниялық бапкерлер іріктеп, оған Қазақстанның барлық өңірінен 4 мыңнан аса бала қатысты. Орталықта жас футболшылардың толыққанды оқу үдерісіне, жаттығулары мен жеке даярлығына барлық жағдай жасалған. Қасым-Жомарт Тоқаевқа академияны дамыту және спорттық инфрақұрылымды кеңейту жоспары көрсетілді. Осы орайда жасанды көгалы бар екі ашық футбол алаңын, 500 орындық жабық манеж және әкімшілік-тұрмыстық кешеннің жаңа ғимаратын салу көзделген. Президентке академия орнын таңдауда балаларды шыңдай түсетін табиғат факторлары ескерілгені айтылды», – делінген Ақорданың хабарламасында.

Алматы облысының Талғар ауданындағы таудың таза ауасы мен жағымды климат бала ағзасының тез қалпына келуіне септігін тигізеді.

«Осыдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев жабындысы FIFA талаптарына сай келетін футбол алаңын көрді, сондай-ақ допты игеру техникасы мен испан әдістемесі бойынша командалық іс-қимыл дағдыларын пысықтауға кіріскен жас футболшылардың жаттығуын тамашалады. Іс-шараға Испанияның Қазақстандағы елшісі Луис Франсиско Мартинес Монтес, «Атлетико Мадрид» футбол клубы директорлар кеңесінің мүшесі Давид Вилья, аталған клубтың академия істері және халықаралық даму жөніндегі директорының орынбасары Мария Тереса Кириви қатысты», – деп жазады Ақорда.