«Созбаққа салсақ, іс тоқырады»: Тоқаев Алатау қаласына қатысты құжаттарды қабылдау мерзімін белгіледі
Ұзақмерзімді жоспар, Кешенді бағдарлама және Даму стратегиясы қабылдануы тиіс
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Alatau City үлкен деректерді, озық технологияларды және «ақылды» басқару тетіктерін негізге ала отырып, инфрақұрылымы, қалалық сервистері мен экономикасы өзара ықпалдастырылған алғашқы толық цифрлық қала болатынын мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қаланы дамытудың орнықты моделін құру. Жобаны жүзеге асыру айтарлықтай күрделі және операциялық шығындарды қажет етеді. Бұл орайда тұрақты, болжамды кіріс базасын қалыптастырған жөн. Қазіргі қаржылық-экономикалық моделдің келешек шығындарды жаба алмай қалу қаупі де бар. Инвестиция ағыны мен бизнесті дамытуға баса мән беріп отырмыз. Дегенмен бұл – кепілдік берілген табыс көзі емес, бар болғаны болжам мен үміт қана», – дейді президент.
Бұдан бөлек, бастапқы кезеңде көзделген жеңілдіктер салық түсімдерінің азаюына әкеледі. Бұл құрылымдық алшақтыққа ұрындыруы мүмкін. Өйткені қаланы қамтамасыз ету мен дамытуға қаражат қажет кезде түсімдер кешігуі немесе бастапқыда төмен болуы ықтимал, дейді мемлекет басшысы.
«Сондықтан Алатауды дамыту жөніндегі кеңес қала әкімшілігімен бірге ұзақмерзімді орнықты дамудың тиімді қаржы-экономикалық үлгісін әзірлеуі керек. Сонымен бірге қаланы стратегиялық жоспарлауға негіз болатын құжаттарды бекіткен жөн. Инвесторлар мен серіктестер, азаматтар 10, 20 немесе 30 жылдан кейін Алатау қаласының қандай болатынын түсінуі қажет. Alatau City үлкен деректерді, озық технологияларды және «ақылды» басқару тетіктерін негізге ала отырып, инфрақұрылымы, қалалық сервистері мен экономикасы өзара ықпалдастырылған алғашқы толық цифрлық қала болады. Басты бағдар – осы», – дейді мемлекет басшысы.
Сөзін жалғай отырып, келесі жылы қаланы дамытуға белсене кірісу үшін стратегиялық құжаттардың барлығын (Ұзақмерзімді жоспар, Кешенді бағдарлама және Даму стратегиясы) жыл соңына дейін қабылдау керектігін нықтап тапсырды.
«Мұндай ірі және ұзақмерзімді жобаларды іске асыруда процесті жедел, қарқынды және ең әуелі сәтімен бастау өте маңызды. Созбаққа салсақ, іс тоқырады деп санай беріңіздер», – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.