Салық жеңілдіктері ұсынылды – президент Алатау қаласында кәсіпкерлерге жасалатын жағдай туралы

Президент Алатауды «қарқынды дамитын қала» деп атауға болатынын атап өтті

Салық жеңілдіктері ұсынылды – президент Алатау қаласында кәсіпкерлерге жасалатын жағдай туралы
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте сөз сөйледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Бүгін біз Алатау қаласын дамыту бойынша өзекті мәселелерді талқылаймыз. Баршаңызға мәлім, мен осыдан екі жыл бұрын болашақ қаласы – Алатау шаһарын салу туралы шешім қабылдадым. Бұл жобаның тұтас еліміз үшін стратегиялық маңызы зор. Біз осы қалаға инвестиция тартып, оны бизнестің және инновацияның жаңа орталығы ретінде дамытатын болдық», – дейді президент.

Мемлекет басшысы өз сөзінде осы жерде өмір сүру, жұмыс істеу қазақстандықтарға, әсіресе, өскелең ұрпаққа мол мүмкіндік беретінін, сондықтан Алатау қаласы құрылысының негізгі қағидалары жаңа Конституцияға енгізілгенін және «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» конституциялық заң қабылданғанын мәлім етті.

«Осы тұста бірнеше маңызды мәселені пысықтап алуымыз керек. Алдымен, осы кезге дейін жүргізілген жұмыспен танысайық. Сонымен қатар жедел мәселелер мен ұзақ мерзімге арналған міндеттерге тоқталу қажет. Бір сөзбен, алдағы жұмыстың бағдарын айқындап алған жөн», – дейді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін жалғай отырып, Алатауды ресми түрде бірегей құқықтық мәртебесі бар «қарқынды дамитын қала» деп атауға болатынын айрықша атап өтті.

«Жалпы, Алатау қаласына қатысты кез келген мәселені жедел шешу үшін барлық қажетті жағдай жасалып жатыр. Қазірдің өзінде қаланың сапалы дамуына жол ашатын құқықтық негіз толық қалыптасты деп айтуға болады. Соның аясында салық жеңілдіктері ұсынылды, бақылау және реттеу тетіктері де бизнес жүргізу үшін оңтайлы бола түсті. Бұдан бөлек, осы қалада жұмыс істейтін кәсіпкерлердің құқықтары жан-жақты қорғалады, сондай-ақ, цифрлық активтерді дамыту үшін қолайлы жағдай жасалады. Сондықтан бүгінде Алатауды ресми түрде бірегей құқықтық мәртебесі бар «қарқынды дамитын қала» деп атауға болады», – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.