Астана-Павлодар тасжолында автобан жолы 37 градус ыстыққа шыдамай, көтеріліп кетті (ВИДЕО)

«ҚазАвтоЖол» цементбетон жабындысы көтеріліп кетуіне байланысты түсініктеме берді

Астана-Павлодар тасжолында автобан жолы 37 градус ыстыққа шыдамай, көтеріліп кетті (ВИДЕО)
Фото: Видеодан скрин

Астана-Павлодар тасжолында автобан жолы күннің ыстығынан көтеріліп кетті. Салдарынан бірқатар көлік зардап шекті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«ҚазАвтоЖол» қазіргі уақытта цементбетон жабындысы көтерілген тұс жедел түрде жойылып жатқанын мәлім етті.

«Астана – Павлодар» автомобиль жолында ауа температурасының күрт жоғарылауына байланысты цементбетон жабынының жай-күйіне күшейтілген мониторинг жүргізілуде. Жоспарлы патрульдеу жұмысы барысында жол мамандары цементбетон жабынының көтерілуіне әкелуі мүмкін екі ықтимал қауіпті учаскені анықтады. Ақаулардың алдын алу мақсатында 2026 жылғы 31 мамырдан бастап аталған орындарда жедел профилактикалық жұмыс басталып, қазіргі уақытта жалғасып жатыр», – делінген хабарламада.

Сонымен қатар, 1 маусым күні сағат 13:30 шамасында кезекті патрульдеу кезінде «Астана – Павлодар» автомобиль жолының Павлодар – Астана бағыты бойынша 1356 шақырым учаскесінде цементбетон жабыны көтерілгені анықталды.

«Алдын ала мәліметтер бойынша, ақаудың пайда болуына ауа температурасының +35…+37С-қа дейін күрт көтерілуі себеп болған. Мұндай жағдайда бетон плиталарының температуралық кеңеюі пайда болып, жабын ішінде ішкі кернеулердің пайда болуына және соның салдарынан жол жабынының көтерілуіне әкелуі мүмкін. Аталған учаскеде дереу уақытша жол белгілері орнатылып, «КАЖсервис» ЖШС Павлодар облыстық филиалының №61 жол пайдалану учаскесінің мамандары ақауды жою жұмысына кірісті. Қазіргі уақытта бүлінген цементбетон жабынын бөлшектеу және көлік қозғалысының қауіпсіздігін қалпына келтіру жұмысы жүргізіліп жатыр», – дейді «ҚазАвтоЖол».

Компанияның мәліметінше, тұрақты түрде жүргізілетін мониторинг пен патрульдеу жұмысы ықтимал қауіпті учаскелерді дер кезінде анықтауға, алдын алу шараларын қабылдауға және жол жағдайының күрделенуіне жол бермеуге мүмкіндік береді. Мұндай ақауларды жедел жою автомобиль жолдарын күтіп-ұстау жүйесінің маңызды бөлігі және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей әсер етеді.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы жүргізушілерден жолда мұқият болуды, уақытша жол белгілерінің талаптарын сақтауды және жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан учаскелерде белгіленген жылдамдық режимін қатаң ұстануды сұрайды», – дейді компания.