Астана әуежайы қайта ашылды: ұшу-қону жолағындағы жөндеу толық аяқталды
1 маусымнан бастап Астана халықаралық әуежайы рейстерді қайтадан қалыпты кесте бойынша қабылдап жатыр
Астана халықаралық әуежайы ұшу-қону жолағындағы жоспарлы жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін қайтадан қалыпты жұмыс режиміне көшті. Бұл туралы әуе айлағының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
1 маусымнан бастап рейстер әуе компанияларының кестесіне сәйкес орындалып жатыр. Әуе кемелеріне қызмет көрсету толық көлемде, уақыт бойынша ешқандай шектеусіз жүргізілуде.
«2026 жылғы 1 маусымнан бастап Астана халықаралық әуежайы ұшу-қону жолағындағы жоспарлы жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін штаттық жұмыс режиміне қайта оралды», – деді әуежай өкілдері.
Жөндеу жұмыстары 15 сәуір мен 31 мамыр аралығында жүргізілді. Осы кезеңде ұшу-қону жолағы күн сайын сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін жабылып отырды. Соған байланысты кейбір рейстер таңғы және кешкі уақытқа ауыстырылған.
Әуежай мәліметінше, мамандар аэродром инфрақұрылымының пайдалану сенімділігін арттыруға және ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді жұмыстар жүргізген.
Әуежай өкілдері жөндеу жұмыстары кезінде түсіністік танытқан жолаушылар мен әуе компанияларына алғыс білдірді.