Найзағай мен аптап ыстық: 2 маусымға Қазақстанда дауылды ескерту жарияланды
2 маусымда синоптиктер найзағай, бұршақ, қатты жел, 37 градусқа дейінгі аптап ыстық пен жоғары өрт қаупін болжады
2 маусымға Қазақстанның барлық өңірінде дауылды ескерту жарияланды. Елдің бірқатар аймақтарында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, кей жерлерде бұршақ түсіп, жел күшейеді. Оңтүстік пен оңтүстік-шығыста ауа температурасы 37 градусқа дейін көтеріліп, аптап ыстық сақталады. Көптеген облыста жоғары және төтенше өрт қаупі сақталып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.
Астанада түнде жаңбыр жауып, найзағай болады. Түнде және таңертең тұман түседі.
Ақмола облысында түнде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, облыстың солтүстігі мен шығысында қатты жаңбыр мен бұршақ күтіледі. Күндіз солтүстік пен шығыста өткінші жаңбыр жауып, найзағай болады. Түнде және таңертең облыстың батысы мен оңтүстігінде тұман түседі. Жел солтүстік-шығыстан соғып, кейін солтүстік-батысқа ауысады, түнде екпіні секундына 15–20 метрге жетеді. Батыс пен шығыста жоғары өрт қаупі сақталады. Көкшетауда түнде жаңбыр жауып, найзағай болады.
Солтүстік Қазақстан облысының батысында жаңбыр, солтүстігінде өткінші жаңбыр жауады. Батысы мен солтүстігінде найзағай болып, күндіз бұршақ түсуі мүмкін. Түнде және таңертең батыс пен шығыста тұман күтіледі. Жел солтүстік-шығыстан соғып, кейін батысқа ауысады, оңтүстік пен шығыста екпіні секундына 15–20 метрге жетеді. Облыстың солтүстік-шығысы мен оңтүстік-батысында жоғары өрт қаупі сақталады. Петропавлда өткінші жаңбыр жауып, найзағай болады, күндіз бұршақ күтіледі.
Қостанай облысының солтүстік-шығысында түнде жаңбыр жауып, найзағай болады. Түнде және таңертең батыс пен шығыста тұман түседі. Оңтүстік пен шығыста жоғары өрт қаупі сақталады.
Павлодар облысында жаңбыр жауып, найзағай болады, түнде батыс пен солтүстікте қатты жаңбыр мен бұршақ күтіледі. Түнде және таңертең батыста тұман түседі. Батыстан соққан желдің екпіні облыстың батысы, солтүстігі мен шығысында секундына 15–20 метрге жетеді. Оңтүстікте жоғары өрт қаупі сақталады. Павлодарда жаңбыр жауып, найзағай болады, жел екпіні секундына 15–20 метрге дейін күшейеді.
Қарағанды облысының солтүстігі мен оңтүстігінде түнде өткінші жаңбыр жауып, найзағай болады, шығысында жаңбыр күтіледі. Күндіз солтүстік пен шығыста жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Түнде және таңертең батыс, солтүстік және шығыста тұман түседі. Солтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні шығыс пен оңтүстікте секундына 15–20 метрге жетеді. Оңтүстікте ауа температурасы 35 градусқа дейін көтеріліп, қатты ыстық болады. Батыс, солтүстік және орталық бөлікте төтенше өрт қаупі сақталады. Қарағанды қаласында түнде де, күндіз де жаңбыр жауып, найзағай болады, түнде және таңертең тұман түседі. Қалада да төтенше өрт қаупі сақталады.
Ұлытау облысының солтүстігі мен шығысында өткінші жаңбыр жауып, найзағай болады. Түнде және таңертең солтүстік, шығыс және орталықта тұман күтіледі. Жезқазғанда түнде және таңертең тұман түседі.
Шығыс Қазақстан облысының батысы, солтүстігі мен шығысында күндіз өткінші жаңбыр жауып, найзағай болады. Жел оңтүстік-шығыстан соғып, кейін солтүстік-батысқа ауысады, екпіні секундына 15–20 метрге жетеді. Оңтүстікте жоғары өрт қаупі сақталады.
Абай облысының батысы, солтүстігі және орталығында күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнап, бұршақ түсуі мүмкін. Жел оңтүстік-шығыстан соғып, кейін солтүстік-батысқа ауысады, екпіні секундына 15–20 метр, кей жерлерде 23 метрге дейін жетеді. Оңтүстікте ауа температурасы 37 градусқа дейін көтеріліп, аптап ыстық болады. Батыс пен орталықта жоғары, ал оңтүстікте төтенше өрт қаупі сақталады. Семейде күннің екінші жартысында жаңбыр жауып, найзағай болады, желдің екпіні секундына 15–20 метрге жетеді.
Алматы облысының батысы, солтүстігі, оңтүстігі және таулы аймақтарында өткінші жаңбыр жауып, найзағай болады. Батыстан соққан желдің екпіні секундына 15–20 метрге жетеді. Ауа температурасы 35–36 градусқа дейін көтеріліп, қатты ыстық сақталады. Солтүстікте жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады. Алматыда күндіз өткінші жаңбыр жауып, найзағай болады. Қонаевта батыстан соққан желдің екпіні секундына 15–20 метрге жетеді.
Жетісу облысының шығысы, оңтүстігі және таулы аймақтарында өткінші жаңбыр жауып, найзағай болады. Оңтүстік-батыстан соққан желдің екпіні шығыс пен таулы аудандарда секундына 15–20 метрге жетеді. Ауа температурасы 35 градусқа дейін көтеріліп, қатты ыстық сақталады. Облыс бойынша жоғары өрт қаупі бар, ал солтүстік, шығыс және оңтүстікте төтенше өрт қаупі сақталады.
Жамбыл облысының солтүстігі, оңтүстігі, шығысы және таулы аудандарында өткінші жаңбыр жауып, найзағай болады. Солтүстік-батыстан соққан желдің екпіні оңтүстік-батыс, солтүстік-шығыс және таулы аймақтарда секундына 15–20 метрге жетеді. Батыс пен орталықта жоғары өрт қаупі сақталады. Таразда жаңбыр жауып, найзағай болады.
Түркістан облысының таулы аудандарында өткінші жаңбыр жауып, найзағай болады. Солтүстік-батыстан соққан желдің екпіні таулы аймақтарда секундына 15–20 метрге жетеді. Орталық бөлікте жоғары өрт қаупі сақталады.
Қызылорда облысының солтүстік-шығысында жоғары өрт қаупі сақталады, ал батыс, солтүстік және оңтүстігінде төтенше өрт қаупі бар.
Ақтөбе облысының батысы мен солтүстігінде күндіз жаңбыр жауып, найзағай болады. Түнде және таңертең солтүстікте тұман түседі. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні солтүстік, оңтүстік және орталықта секундына 15–18 метрге жетеді. Солтүстік-шығыста жоғары, ал оңтүстік пен шығыста төтенше өрт қаупі сақталады. Ақтөбеде күндіз жаңбыр жауып, найзағай болады, түнде және таңертең тұман күтіледі.
Маңғыстау облысының батысы, солтүстігі және орталығында күндіз жаңбыр жауып, найзағай болып, бұршақ түсуі мүмкін. Солтүстік-батыстан соққан желдің екпіні солтүстік-шығыста секундына 15–20 метрге жетеді. Ақтауда күндіз жаңбыр жауып, найзағай болады.
Атырау облысының батысы мен солтүстігінде түнде, ал оңтүстігі мен шығысында күндіз жаңбыр жауып, найзағай болады. Атырауда таңертең және күндіз жаңбыр жауып, найзағай күтіледі.
Батыс Қазақстан облысында жаңбыр жауып, найзағай болады, күндіз батысы мен солтүстігінде бұршақ түсіп, дауылды жел соғады. Жел оңтүстік-батыстан соғып, кейін солтүстік-батысқа ауысады, оңтүстік пен шығыста екпіні секундына 15–20 метрге жетеді. Батыс пен орталықта жоғары өрт қаупі сақталады. Оралда жаңбыр жауып, найзағай болады, күндіз бұршақ түсіп, дауылды жел күтіледі.