Оқыс оқиға 24 мамыр күні болды
Павлодар облысына қарасты Екібастұз қаласында сәбиін көтеріп тұрған әйелді «Газель» қағып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полиция департаментінің алдын ала мәліметі бойынша, 24 мамырда ГАЗ автокөлігінің жүргізушісі артқа жүріп бара жатып, тротуарда әйел мен баласын қағып кеткен.
«Полиция жаяу жүргінші зардап шеккен жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Автомашина мамандандырылған тұраққа қойылды. Зардап шегуші қалалық ауруханаға жеткізілді», – делінген ПД хабарламада.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы науқастың жағдайы туралы түсініктеме берді.
«Пациент реанимация және қарқынды терапия бөлімшесіне жатқызылды. Жағдайы тұрақталғаннан кейін травматология бөлімшесіне ауыстырылды. Қазір жағдайы тұрақты, орташа ауыр дәрежесінде, барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр», – деп хабарлады Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасы.
Белгілі болғандай, сәбиге медициналық көмек қажет болмаған, автокөлік айып тұрағына жөнелтілді.