Әр баланың шотында 370,56 доллар бар
Қазақстанда «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында 2,3 млрд доллар бөлінді. Үкіметтің дерегінше, Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске қосылған «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында үш жыл ішінде миллиондаған баланың арнайы шотына қаражат аударылып, жинақ көлемі тұрақты өсім көрсетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Белгілісі, бағдарлама қатысушылары кәмелет жасына толған соң қаржыны тұрғын үй сатып алуға немесе білім алуға пайдаланып, бүгінге дейін жүздеген мың өтінім мақұлданған.
«Ұзақмерзімді қолдау тетіктерінің бірі – президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2024 жылы іске қосылған «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы. Аталған жобаға сәйкес Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ы балалардың арнайы жинақтаушы шоттарына 18 жасқа толғанға дейін аударалып отырады. Кәмелет жасына толғаннан кейін жинақталған соманы тұрғын үй сатып алуға немесе білім алуға жұмсауға болады. Бағдарлама негізгі көрсеткіштер бойынша тұрақты өсім көрсетуде. Алғашқы жылы оған 6,91 млн бала қатысып, олардың әрқайсысының шотына 100,52 доллар көлемінде қаражат аударылды. 2025 жылы қатысушылар саны 6,92 млн балаға дейін артқан, ал жылдық төлем 129,38 доллар мөлшеріне жетті. 2026 жылғы бөлу қорытындысы бойынша қаражат 6,91 млн балаға есептелді, бұл ретте жылдық төлем көлемі 130,71 долларды құрады», – делінген хабарламада.
Үкімет бағдарлама іске қосылған сәттен бастап қатысып келе жатқан балалардың жинақтары инвестициялық кірісті қоса есептегенде жалпы 370,56 долларға жеткенін хабарлады.
«Үш жыл ішінде бұл бастама аясында жалпы 2,3 млрд доллар бөлінді, оның ішінде кәмелетке толған балалардың шоттарына 238,5 млн доллардан астам қаражат аударылды. Бүгінгі таңда 297 мыңнан астам өтінім мақұлданды: оның ішінде тұрғын үй жағдайын жақсартуға – 187 мыңнан астам өтінім, жалпы сомасы 33 млн доллардан астам; білім алуға – 110 мыңнан астам өтінім, жалпы сомасы 19 млн доллардан астам», – деп жазады Үкіметтің баспасөз қызметі.