Жарыс жеңімпаздары Алматы қаласының атынан республикалық кезеңде өнер көрсету құқығына ие болады
Алматы қаласында шахматтан III ашық «Senat Open-2026» кубогының ширек финалдық кезеңі басталды. Интеллектуалды доданың келесі кезеңіне жолдама алу үшін іріктеу кезеңдерінде үздік шыққан 160 қатысушы бақ сынауда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл бірегей жоба Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының, Алматы қалалық мәслихатының қолдауымен және Қазақстан шахмат федерациясының ұйымдастыруымен өтіп жатыр. Турнирге мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, БАҚ өкілдері және өзге де сала қызметкерлері қатысуда.
Доданың ресми ашылуында Алматы қаласы мәслихатының төрағасы Мейіржан Отыншиев қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Senat Open — бұл түрлі кәсіп пен әртүрлі жастағы жандардың басын қосатын бірегей алаң. Бұл кезеңнің маңызы өте жоғары. Себебі осы сында оқ бойы озық шыққан ең үздік шахматшылар келесі кезеңде Алматы қаласының намысын қорғайтын болады. Баршаңызға сәттілік тілеймін. Мықтысы жеңіске жетсін», — деді Мейіржан Отыншиев.
Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Бекет Жароков бұл турнирдің басты ерекшелігі – оның әуесқойлық сипатында екенін жеткізді. Оның айтуынша, жоба кәсіби деңгейіне немесе қоғамдағы мәртебесіне қарамастан, шахмат ойынын шын жүрекпен жақсы көретін жандарды біріктіреді.
Турнир қорытындысы бойынша ұйымдастырушылар тек негізгі жүлдегерлерді ғана емес, 10 арнайы номинация бойынша да үздіктерді марапаттайды. Олардың қатарында ардагерлер мен әйелдер қауымы, мемлекеттік қызметшілер мен ұлттық компания қызметкерлері, депутаттар, мәслихат аппараты және Қоғамдық кеңес мүшелері, сондай-ақ күш құрылымдары мен құқық қорғау органдарының өкілдері бар. Сонымен қатар денсаулық сақтау, ғылым мен білім, мәдениет және өнер саласының мамандары мен БАҚ өкілдері де марапатталатын болады.
Жарыс жеңімпаздары Алматы қаласының атынан республикалық кезеңде өнер көрсету құқығына ие болады. Интеллектуалды ойын тұрғындар арасында шахмат мәдениетін танымал етуді көздейді.