Елімізде жаздың алғашқы күні ауа райы қандай болады

Автор: Дәулет Ботагөз
Қазақстанда 1 маусым күні ауа райы күрт құбылады
Фото: © istockphoto.com

1 маусым күні еліміздің басым бөлігінде ауа райы күрт құбылып, қолайсыз ауа райы болады. Синоптиктер Қазақстанның 16 облысына дауылды ескерту жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.

Еліміздің оңтүстік, оңтүстік-шығыс және шығыс өңірлерінде жаздың алғашқы күні аптап ыстықпен басталады. Сонымен қатар кей жерлерде қысқа мерзімді жаңбыр мен қатты жел күтіледі.

Синоптиктердің болжамынша, Түркістан облысы мен Шымкент, Түркістан қалаларында күндіз қысқа мерзімді жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Желдің екпіні 23–28 м/с-қа дейін күшейіп, ауа температурасы +40°C-қа дейін көтеріледі. 

Жамбыл облысында (Тараз қаласы) күн +38…+40°C-қа дейін ысиды. Сонымен қатар күндіз жаңбыр жауып, найзағай күтіледі, желдің екпіні 23 м/с шамасында болады. 

Алматы облысында (Алматы, Қонаев қалалары) ауа температурасы Алматыда +35°C, Қонаевта +36…+38°C болады. Таулы аудандарда күннің екінші жартысында жаңбыр мен найзағай күтіледі.

Жетісу облысында (Талдықорған қаласы) күндіз +35…+38°C ыстық сақталады. Алакөл көлдері маңында желдің екпіні 23–28 м/с-қа дейін күшейеді.

Абай облысында (Семей қаласы) күндіз ауа температурасы +35…+37°C-қа дейін жоғарылап, өңірде жоғары өрт қаупі сақталады.

Шығыс Қазақстан облысының оңтүстік бөлігінде жауын-шашынсыз ауа райы күтіліп, жоғары өрт қаупі байқалады.

Батыс және орталық өңірлерде атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты жауын-шашын мөлшері артып, дауыл тұрады.

Синоптиктердің болжамынша, Батыс Қазақстан облысында (Орал қаласы) күндіз жаңбыр жауып, бұршақ және дауыл күтіледі. Желдің екпіні 15–20 м/с-қа дейін жетеді.

Маңғыстау облысында түнде кей жерлерде күшті жаңбыр жауып, бұршақ түсуі мүмкін. Күндіз желдің жылдамдығы 15–20 м/с болады.

Ақтөбе облысында күндіз орталық және шығыс бөліктерінде нөсер жаңбыр, найзағай және бұршақ күтіледі, ал түнде тұман түседі.

Атырау облысында (Атырау қаласы) түнде және күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Түнде тұман түсіп, желдің жылдамдығы 15–20 м/с-қа дейін жетеді.

Қызылорда облысында (Қызылорда қаласы) кей кездері жаңбыр мен найзағай күтіледі, күндіз жел 15–20 м/с болады. Өңірде төтенше өрт қаупі сақталады.

Қарағанды облысында күндіз жаңбыр мен найзағай күтіліп, оңтүстік бөлігінде ауа температурасы +35…+39°C-қа дейін ысиды. Өңірде төтенше өрт қаупі бар.

Ұлытау облысында (Жезқазған қаласы) өңірдің басым бөлігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, желдің екпіні 15–20 м/с болады.

Солтүстік облыстарда да найзағай ойнап, желдің жылдамдығы шекті деңгейге дейін күшейеді. Синоптиктердің болжамынша, Солтүстік Қазақстан облысында (Петропавл қаласы) түнде және күндіз жаңбыр жауып, бұршақ түседі. Түнде желдің екпіні 23–28 м/с-қа жетіп, Петропавл қаласында уақытша 25 м/с-қа дейін күшейеді.

Ақмола облысында (Көкшетау қаласы) күндіз жаңбыр жауып, бұршақ жаууы мүмкін. Найзағай ойнап, желдің күші 15–20 м/с шамасында болады.

Павлодар облысында (Павлодар қаласы) күндіз жаңбыр жауып, бұршақ күтіледі. Сонымен қатар ауа температурасы +35…+37°C-қа дейін ысиды.