Автокөлікте Ұлыбританиядан келген екі ересек адам мен 12 жасар бала болған
Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаменті иен далада көлігімен батып қалған Ұлыбритания азаматтарына көмекке келді. Шетелдік саяхатшылар мінген жол талғамайтын көлік Тұзбайыр шатқалы маңындағы сорға тұрып қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ТЖМ баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, құтқару қызметіне хабарлама түскен бойда оқиға орнына арнайы топ аттанған. Белгілі болғандай, Тұзбайыр сорының тұтқыр топырағы мен күрделі табиғи жағдайы құтқару жұмыстарын қиындатқан.
Көлікті батпақтан шығару операциясы бір тәуліктен астам уақытқа созылды. Автокөлікте Ұлыбританиядан келген екі ересек адам мен 12 жасар бала отырған.
Құтқарушылардың табандылығы мен арнайы жоғары өтімді техниканы қолданудың арқасында шетелдіктердің көлігі батпақ құрсауынан аман-есен шығарылды.
«Арнайы техниканың көмегімен көлік сордан шығарылды. Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ, туристерге медициналық көмек қажет болмады», — деп хабарлады ТЖМ өкілдері.
Шетелдік туристер қиын сәтте жедел көмек көрсеткен қазақстандық құтқарушыларға алғыстарын білдірді.