Шекарада ұсталды: Ресейден келген астықтан қауіпті зиянкестер шықты

Автор: Алмас Ерсін

Қауіпті карантиндік нысандар анықталған бидай мен арпа Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарына тасымалданған

Фото: istockphoto.com

Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлар Ресейден Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарына жеткізілген 200 тоннадан астам залалданған бидай мен арпаны ұстады. Жүктің 128 тоннадан астам бөлігі экспорттаушы елге кері қайтарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Фитосанитарлық бақылау барысында Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында Ресей Федерациясынан өсімдіктер карантині және фитосанитарлық қауіпсіздік талаптарын бұза отырып әкелінген 200 тоннадан астам азық-түлік астығы – бидай мен арпа анықталған.

Тексеру кезінде мамандар астық құрамынан қауіпті карантиндік нысандарды тапқан. Олардың қатарында үш тілімді ойраншөп, жатаған кекіре және арамсояу бар. Бұл өсімдіктер ауыл шаруашылығына қауіп төндіріп, аграрлық секторға айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін.

«Инспекторлар жедел шаралар қабылдап, ұсталған жүктің 128 тоннадан астам бөлігін экспорттаушы елге қайтарды», – делінген хабарламада.

Карантиндік өнім иелеріне қатысты әкімшілік материалдар толтырылды. Құжаттар кінәлі тұлғаларды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тарту мәселесін қарау үшін сот органдарына жолданды.