Өрт сөндірушілер жанып жатқан аумақтан 8 газ баллонын алып шықты
Қарағанды облысында жер үй мен шаруашылық құрылыстары өртеніп, салдарынан шатырдың бір бөлігі ортасына түсті. Құтқарушылар жарылыстың алдын алып үлгерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
Министрлік таратқан мәліметке сәйкес, өрт Қарағанды облысына қарасты Новодолинский кентінде болған. жер үй мен оған жапсарлас салынған үш шаруашылық құрылысынан лаулаған өрт туралы хабарлама түсісімен, құтқарушылар оқиға орнына шұғыл жеткен.
Алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері келген сәтте үйдің ішіндегі ағаш конструкциялар, жиһаздар мен үй мүліктері ашық жалынмен жанып жатқан. Сонымен қатар, тілсіз жаудың салдарынан шаруашылық құрылыстарының бірінде 15 шаршы метр аумақта төбе жабыны ортасына құлаған.
Өрт сөндірушілер лаулаған от пен қою түтінге, сондай-ақ жоғары қауіп деңгейіне қарамастан, оқиға орнында аса қауіпті жағдайдың алдын алды.
«Өртті сөндіру барысында құтқарушылар жанып жатқан аумақтан сыйымдылығы 27 литр болатын 8 дана газ баллонын жедел түрде сыртқа шығарды. Осылайша, мамандар болуы мүмкін алапат жарылыстың алдын алды», — деп мәлімдеді мекеменің баспасөз қызметі.
Құтқарушылардың үйлесімді жұмысының арқасында тілсіз жау толық ауыздықталды. Өрттен зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта мамандар өрттің шығу себебін анықтап жатыр.