Қазір Үндістанмен еркін сауда аймағын құру жөнінде келіссөздер белсенді жүргізіліп жатыр
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ЕАЭО-ның сыртқы сауда-экономикалық әлеуетін күшейтудің маңызын атады. Ол Еуразиялық экономикалық одақтың Араб әлемі, Оңтүстік-Шығыс Азия, Африка және Латын Америкасы елдерімен байланысын кеңейту қажет екенін айтып, еркін сауда аймағын құратын серіктестер мен байқаушы елдерді таңдауда тиімділік пен нақты талаптарға сәйкестік басты өлшем болуы керектігін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазір Үндістанмен еркін сауда аймағын құру жөнінде келіссөздер белсенді жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыс басқа да қызмет бағыттары сияқты назар аударуға лайық. Менің ойымша, шағын құрамдағы кездесуде Беларусь президенті өте дұрыс ұсыныс айтты. Еркін сауда аймағын құратын серіктестер де, сондай-ақ байқаушы мәртебесіне ие болатын елдер де мұқият таңдалуы қажет. Яғни бәрін бірдей емес, шын мәнінде белгілі бір талаптарға сай келетін және Еуразиялық экономикалық одаққа пайда әкелетін елдерді қабылдау керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан ЕАЭО органдарына төрағалығы аясында мүше мемлекеттердің ортақ экономикалық әлеуетін нығайтуға, орнықты дамуын қамтамасыз етуге алдағы уақытта да барынша жәрдемдесе беретінін мәлімдеді.
«Біз бірлесе күш жұмылдыра отырып, маңызды нәтижеге қол жеткізе аламыз және Одақ аясындағы ынтымақтастықты жаңа әрі сапалы деңгейге шығарамыз. Мен бұған кәміл сенемін. Былтыр ЕАЭО қызметінің стратегиялық бағыттарын жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын табысты аяқтадық. Алдымызда Еуразиялық интеграцияны одан әрі дамыту туралы декларацияда қарастырылған көптеген міндет тұр. Сөз соңында алға қойған мақсаттарға жету жолында баршаңызға табыс тілеймін», – деді Қазақстан президенті.