Қазақстанда екінші жыл қатарынан егін бітік шығып, 27 миллион тонна көлемінде астық жиналды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы цифрландыру технологиялық тренд қана емес, елдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыратын басты фактор екенін айтып, Қазақстанда өнеркәсіп, тау-кен металлургиясы мен ауыл шаруашылығында роботтандыру, агродрондар, «ақылды» фермалар және электронды сервистерді енгізу өнімділікті өсіріп, шығын мен жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік беріп отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердегі өндіріс ошақтары мен агроөнеркәсіп кешенін цифрлық трансформациялаудың маңызына назар аударды.
«Қазақстан бұл сынаққа ауқымды Цифрлық трансформация тұжырымдасын қабылдау арқылы жүйелі әрекеттермен жауап бермек. Өнеркәсіп секторы мен тау-кен және металлургия кешеніндегі роботтандыру, «бұлттық» шешімдер, ірі кәсіпорындардың «цифрлық телнұсқасы» өнімділікті ұлғайтып, шығынды азайтады. Ауыл шаруашылығын автоматтандыру мол өнім жинауға, су үнемдеуге, қоршаған ортаға зиянды азайтуға септігін тигізеді. Мал шаруашылығына қағаз жүзіндегі құжат айналымынан бас тартып, есептің дәлдігін арттыратын бірқатар цифрлық жүйе енгізілді. Еліміздің түкпір-түкпірінде 650-ден астам «ақылды» фермалар жұмыс істеп тұр. Онда сиыр сауу, бордақылау және микроклиматты қадағалау үрдістері автоматтандырылған жүйелермен жабдықталған», – дейді президент.
Ол сөзін жалғай отырып, егін және тұқым шаруашылығында өнімді «егіс даласынан тұтынушы дастарқанына дейін» жеткізу тізбегін қадағалайтын жүйе енгізіліп жатқанын тілге тиек етті.
«Тыңғылықты жоспарлау мен цифрлық болжау мүмкіндіктерін пайдалану нәтижесінде Қазақстанда екінші жыл қатарынан егін бітік шығып, 27 миллион тонна көлемінде астық жиналды. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Ауыл шаруашылығы жерлерін жаппай цифрландыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Агродрондар, жерсеріктік навигациялар мен метеостанция мәліметтері кеңінен қолданыла бастады. Жер телімін пайдалануға беру үдерісі электронды форматқа көшірілді. Дихандар мен шаруаларды мемлекет тарапынан қолдау тетіктері толықтай электрондық форматқа ауысты. Бұл жемқорлық тәуекелдерін азайтады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.