«Экспорт 1 млрд доллардан асты»: президент Қазақстанның IT саласындағы жетістігін жариялады

Автор: Асыл Арман

Әлемде ЖИ технологияларына құйған қаржы көлемі 1 триллион долларлық межеден асты

Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары кеңестің төрағасы ретінде интеграциялық құрылымды одан әрі қарқынды дамытуды көздейтін бірқатар стратегиялық басымдықты атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сонымен қатар еліміздің ұсыныстарына қолдау көрсеткені үшін әріптестеріне алғыс айтты.

«Жасанды интеллектіні жауапкершілікпен дамыту жөніндегі бірлескен мәлімдемені қабылдау мақсатымыздың ортақ екенін көрсеткен маңызды шешім болды. Осы саладағы белсенді ықпалдастыққа үміт артамын. Күш-жігерімізді келесі басым бағыттарға жұмылдырудың мәні зор деп санаймын. Бірінші. Еуразиялық интеграцияның цифрлық негізін нығайту. Цифрландыру мен жасанды интеллект арқылы жаңа технологиялық жүйе қалыптастыру кезінде деректерді жедел өңдеу, автоматтандыру және инновацияны жаппай енгізу табыстың негізгі факторына айнала бастады. Сарапшылардың пайымына сүйенсек, әлемде жасанды интеллект технологияларына құйған қаржы көлемі 1 триллион долларлық межеден асты. Алдағы онжылдықта оның жаһандық экономикадағы жиынтық үлесі бірнеше есе көбейіп, 7 триллион долларға жетуі мүмкін. Озық технологиялар еуразиялық интеграцияның қуатты катализаторына айналуы керек. Бұл қазірдің өзінде жүзеге аса бастады. ЕАЭО кеңістігінде осы бағыттағы жұмыс дәйекті түрде жалғасып келеді деп нық сеніммен айтуға болады. Трансформация өндіріс және логистикадан бастап, ауыл шаруашылығы мен мемлекеттік басқаруға дейінгі барлық саланы қамтиды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан жасанды интеллектіні енгізу бойынша бірқатар жүйелі шараны қолға алды

«Astana Hub базасында қарқынды ілгерілеп келе жатқан әрі толыққанды стартап-экожүйе қалыптасуда. Елімізде 100-ден астам жаңа жоғары технологиялық компания жедел дамып келеді. Қазақстан технологияны нетто-экспорттаушы мәртебесін ресми түрде дәлелдеді. ІТ қызметтер экспортының көлемі 1 миллиард доллардан асты. Біздің бастапқы жетістіктеріміз халықаралық деңгейде мойындалды. EGDI (E-Government Development Index) жаһандық рейтингіне сәйкес, Қазақстан 24-орын алады. Ал онлайн қызметтердің сапасы бойынша әлемдегі үздік ондыққа кіреді. Ендігі міндет – осы табысты тәжірибені кеңінен тарату. Астанада Халықаралық Alem.ai жасанды интеллект орталығы іске қосылды. Бұл талантты бағдарлама әзірлеушілер шоғырланған орталық қана емес, жасанды интеллект негізіндегі қолданбалы шешімдерді ойлап табатын әрі енгізетін аймақтағы басты алаң саналады. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің цифрландыру саласындағы жетістіктерін, мемлекеттік басқарудағы платформалық шешімдері мен заманауи тәсілдерді енгізу үлгілерін мұқият зерделейміз әрі жоғары бағалаймыз. Одаққа мүше елдердің әрқайсысы цифрлық трансформацияның жекелеген бағыттарында айтарлықтай тәжірибе жинады. Ұлттық құзіреттерді дамытумен қатар бірлескен технологиялық бастамаларды қалыптастыруға белсенді түрде атсалысқан жөн. Үздік тәжірибелер мен тиімді шешімдерді бөлісуіміз керек. Бұл ЕАЭО аясындағы цифрлық дамуды жеделдетіп, экономикаларымыздың бәсекеге қабілетін арттыруға мүмкіндік береді», – деді президент.