Шенеуніктердің әйелі мен балаларына шетелдік банктерде есеп-шот ашуға тыйым салынуы мүмкін - Антикор

Автор: Azattyq Rýhy

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізбек

Фото: ашық дереккөзден

Аса ірі көлемде пара алған шенеуніктер айыппұл төлеп жазадан құтылып кетпеуі керек. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Заңға осындай өзгерістер мен толықтырулар енгізбек, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Агенттік жемқорлықпен ұсталған соттар мен құқық қорғау органдары және мемлекеттік қызметкерлерге қатысты да жазаны күшейту керек деп отыр. 

«Мысалы, парамен ұсталмаған, алайда соны алмақ болған шенеуніктер де бұдан былай жауапқа тартылуы мүмкін. Сонымен бірге шенеуніктердің әйелі мен балаларына шетелдік банктерде есеп-шот ашуға тыйым салынуы мүмкін», - деп жазылған телеарна сайтында.

Агенттік мамандары парақорлық ұғымын екіге бөліп қарауды ұсынды. Бірі жемқорлық жасаған жеке меншік кәсіпкерлер мен банкирлерге қатысты болса, екіншісі мемлекеттік қызметкерлерге қатысты болмақ.