Ол Бейжің және Лондон Олимпиадаларында алған алтын медальдарынан айырылған болатын
Ауыр атлетикадан танымал спортшы Илья Ильин Олимпиада чемпионы атанғаны үшін алған сыйақыларын допинг дауынан кейін қайтару мәселесі туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Илья Ильин 2016 жылдың қарашасында Халықаралық Олимпиада комитетінің шешімімен 2008 және 2012 жылдарғы Олимпиада чемпионы атағынан айырылып, медальдарынан қағылған.
Сол жылы Қазақстанның бірқатар ауыратлеті Илья Ильиннің соңын құшып, чемпиондық атақсыз қалған еді. Міне дәл осы мәселеден кейін қоғамда ауыратлеттердің алған сыйақыларын мемлекетке қайтару мәселесі бірнеше рет көтерілген.
«Ақшаңды қайтар деп жазып жатқандарды оқыдым. Бұл жағдай маған өте ауыр тиді. Мен қанша уақыт еңбектендім, қаншама тер төктім. Бүкіл ел болып қуандық. Жеңдік. Осының бәрі бір-ақ сәтте ұмытылып кеткені ме!? Соның бәрі 43 млн теңгеге ғана тең болғаны ма?! Бай болып, ақшам тасып бара жатса, қайтарармын деп ойлаймын. Бірақ қазір ондай мүмкіндігім жоқ», – дейді Илья Ильин.
Айта кетейік, «Спорт және дене шынықтыру туралы кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар туралы» заң бойынша допинг дауына ұшырап, чемпиондық атақтарынан айырылған спортшылар енді мемлекет тарапынан алған сыйақылары мен сыйлықтарын толықтай қайтаруға міндетті болады.