Қалада өткен тәулікте 78 карантин тәртібін бұзу жағдайы анықталды
Нұр-Сұлтан қаласының аумағында құрылған мобильді мониторинг топтары 5-20 шілде аралығында 335 кәсіпкерлік субъектіcіне санитарлық нормаларды сақтау бойынша тексеру өткізіп, 159 кәсіпкердің карантин талаптарын сақтамағанын анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі covid19.astana.kz сайтына сілтеме жасап.
«Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласының Тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаменті карантин шаралары кезеңінде жұмыс режимін бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабының 1-тармағы бойынша 20 әкімшілік материал жасап, 20 әкімшілік айыппұл салды», – деді елорда әкімдігі жанындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі сараптамалық-мониторинг тобының жетекшісі Шыңғыс Қуатбеков.
Сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласында өткен тәулікте полиция қызметкерлері, эпидемиологтар, еріктілер, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері кіретін мобильді топтар 78 карантин тәртібін бұзушылықты анықтады. Оның 57-сі маска тағу және әлеуметтік қашықтық сақтаудың міндетті талаптарын бұзған.