Қордайда арнайы жасақ қызметкері өз-өзіне оқ атып, көз жұмды

Автор: Асыл Арман

Қайғылы оқиғаның 28 мамыр күні таңғы уақытта болғаны белгілі болды

Фото: istockphoto.com

Жамбыл облысында жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкері аудандық полиция бөлімінің ғимаратында алған ауыр жарақатынан көз жұмды. Қайғылы оқиғаға қатысты облыстық полиция түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қайғылы оқиға 28 мамыр күні таңғы уақытта болған.

Желідегі мәліметке сүйенсек, Қордай аудандық полиция бөлімінде, жедел қимылдайтын арнайы жасақ казармасының дәлізінде 1995 жылы туған ЖҚАЖ инспекторы өзіне оқ атқан. Лейтенант өзінің самайынан, болжам бойынша, SIG Sauer маркалы табельдік қаруымен атқан. Оқиға орнына келген дәрігерлер оны ауыр жағдайда орталық аудандық ауруханаға шұғыл жеткізді.

Кешкісін ол есін жимастан реанимацияда қайтыс болды.

Жамбыл облысының Полиция департаментінің баспасөз қызметі агенттік тілшісіне берген түсініктемесінде мәлімдегендей, аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 105-бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

«Қазіргі уақытта жан-жақты, толық және объективті тергеу жүргізуге бағытталған қажетті шаралар жүргізіліп жатыр. Қызметтік тексеріс тағайындалды», – деп хабарлады облыстық ПД.